Білім

Түлектер жұмысқа шақырылды

Аяжан Әбутәліп – Сыр өңірінің тумасы. Ол осыдан тура 4 жыл бұрын “Серпін” мемлекеттік бағдарламасымен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқуға түскен. Биыл бойжеткен өңіріміздің іргелі оқу ордасын қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі бойынша тәмамдамақ. Кейін жалынды жас өзі білім алған аққайыңдар өлкесінде еңбек етіп, осы жақта қалуды қалайды. Сол үшін Аяжан бүгінгі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне өзінің көңілінен шығатын қызмет іздеп келіпті.

Аяжан Әбутәліп – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


–  3-ші, 4-ші курстарда қаладағы мектептерде практикадан өткен едім. Сонда өзіме ұнады. Осы жерде еңбек еткем келеді.

Жалпы, биыл Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің күндізгі оқыту бөлімін Аяжан сияқты 657 студент тәмамдамақ. Олардың дені – “Білім беру” мен “Техникалық ғылымдар және технология” бағытындағы дипломдарын қолдарына алады. Осы жастардың барлығына бос жұмыс орындары жәрмеңкесі барысында сан алуан қызмет ұсынылды.

Наталья Побежук – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық қызмет жөніндегі департаменті директорының орынбасары:


–  Жәрмеңкеге өңіріміздің 100-ден астам кәсіпорыны қатысып отыр. Оларда 600-ден астам бос жұмыс орындары бар. Негізінен мектептер мен балабақшаларға мұғалімдер қажет. Биылғы оқу жылында университімізде дәл осындай бір шара өткен болатын. Онда түлектердің 43 пайызын еңбекпен қамту бойынша келісім жасалды. Енді, бүгінгі жәрмеңкеде қалған студенттерді жұмысқа орналастыруды ойлаймыз.

Айта кетейік, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ түлектері жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша елімізде алдынғы қатарда. Мәселен, былтыр оқу орнын тәмамдаған жастардың 89 пайызы, ал 2016-да 93 пайызы еңбекпен қамтылған.

 

Култанов Байболат