Білім

Шет тілінен аударылған алғашқы 18 кітап таныстырылды

Қазіргі таңда ел жастарына дүние жүзіндегі таңдаулы ілімнің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалуда. Өскелең ұрпақ ендігі кезекте гуманитарлық бағыттағы шетел кітаптарын қазақ тілінде оқи алады. Бұл, әсіресе, ағылшын тілін меңгермегендерге ыңғайлы. Мұндай жеңілдікке солтүстікқазақстандықтар да ие болды. “Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4 мың жылдық ізденіс” деп аталатын бұл жинақты
АҚШ-тың дін саласын зерттеушісі жазған. Карен Армстронгтың бұл туындысы әлемнің 44 тіліне аударылыпты. Жерлестеріміз осындай діни кітаптар жастардың сауатын ашуға септігін тигізеді деген ойда.

Бағдат Мұканова – СҚО дін істері басқармасының бөлім басшысы:

– Мына кітап “Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4 мың жылдық ізденіс: құдайтану баяны” деп аталады. Бұл кітап ағылшын ғалымы Карен Амстронгтың туындысынан тікелей аударылған. Мен тек қана кіріспені оқыдым. Бұл кітапта автор барлық діндер туралы жеке пікірін білдірген.


“Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы аясында әзірше 18 кітап мемлекеттік тілге аударылған. Араларында философия, психология және кәсіпкерлік туралы ой толғамдар жинағы бар. “Қоғамдық келісім” мекемесінің бас сарапшысы Сәлімхан Сәбитов ең қажетті мәліметтерді осы кітаптардан табуға болады дейді.

Сәлімхан Сәбитов – “Қоғамдық келісім” КММ жетекші сарапшысы:

– Осы кітаптар оқып жүрген студенттерге өте қажет. Себебі олар гуманитарлық бағыттағы тақырыптарды дипломдық жұмыстарына арқау еткенде нақты мәліметті таба алмайтын.


Жыл соңына дейін шетел ғалымдарының пікірлері топтастырылған 30 шақты кітап қазақ тіліне тәржімаланбақшы. Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан 90 млн теңге жұмсалады.

Берік Қасен