Денсаулық сақтау

Өңірлік коммуникациялар қызметінде МӘМС жұмысы қаралды

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлем жасауға – еліміздегі барлық мемлекеттік және жеке ұйымдар міндетті. Осылайша жұмыс беруші өзінің қол астында еңбек ететін қызметкерлері үшін ай сайын жалақының 1,5 пайызын аударуы тиіс. Сәйкесінше алдағы уақытта арнайы қорға жарнасы үздіксіз аударылып келген тұрғындар, өздері тіркелген емханаларынан қажетті медициналық көмектің барлық түрін алу құқығына ие.

Мұрат Жәкенов – СҚО міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бөлім басшысы:

– Аударымдар көлемі жұмысшының жалақысына тікелей байланысты. Оның ең төменгі мөлшері 424 теңгені құраса, жоғарғы шегі 6364 теңгені құрап отыр. Ең бастысы, тұрғындар медициналық көмек алатын емханаларға ертерек тіркелгендері жөн. Егер жұмыс беруші қатарынан 3 ай ұйымға қаражат аудармаса, жұмысшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін барлық ем-дом қызметін ала алмайды.

Қазірдің өзінде шаһардағы мыңға тарта жеке кәсіпкер мен заңды тұлғалар, қорға ай сайынғы төлемдерді аудармаған. Олардың жұмысшылары алдындағы қарызы 3 миллион теңге. Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары, мұндай жауапсыз жұмыс берушілерге тиісті шаралар қолданылатынын айтады.

Лилия Әбілева – Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

– Уақытылы төлем жасаудан жалтаратын мекемелер мен бизнес субъектілеріне ҚР әкімшілік кодексі негізінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ондай заңды тұлғаларға алғашында ескерту қағазы жолданады. Ескертпені елемеген жұмыс берушілердің барлық есепшоттары бұғатталып, қаржы ұйымдарында кез-келген операцияларды орындауға шектеу қойылады.

Ал қызметкерлер жұмыс берушінің ай сайынғы жарналарды дер кезінде аударуын халыққа қызмет көрсету орталықтарында берілетін анықтама арқылы көре алады. Бірақ бұл қызмет түрі жылдың соңына таман іске қосылмақшы.

 

Бахыт Садвокасов