Қоғам

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы көлемі артады

Бүгінгі күні облыста зейнетке шыққан 100 мыңнан астам адам бар. Биыл оларды ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Жыл басталғалы әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғайса, 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындаудың жаңа әдісі жүзеге асырылмақ.

Арман Жамуков – СҚО бойынша «Әлеуметтiк төлемдердi ведомствааралық есептеу орталығы» департаментi директорының орынбасары:


–  1 шілдеден бастап елімізде базалық зейнетақы қайта есептеледі. Қазіргі кезде ол барлық азаматтарға бірдей мөлшерде төленсе, енді ол еңбек өтiлiне байланысты тағайындалатын болады. Онда зейнеткердің 1998 жылға дейін қалыптасқан еңбек өтілі және осы уақыттан кейінгі зейнетақы жүйесіне аударған жарналары есепке алынады. Айта кетейік, бүгінгі күні базалық зейнетақының мөлшері – 15 274 теңге. 1 шілдеден бастап 10 жыл және одан кем еңбек өтілі бар азаматтарға осы мөлшер сақталады. Бұл – күнкөріс мөлшерінің 54 пайызы.

Бүгінгі күні төменгі күнкөріс мөлшері – 28 284 теңгені құрайды. Егер зейнетке шыққан адамның еңбек өтілі 10 жылдан асса, онда әр жылға күн көріс деңгейінің 2 пайызы қосылып отырады.

Майгүл Жақанова – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Трансферттер және деректер базаларын өзектендіру басқармасының басшысы:


–  Айталық, қария зейнетке 1992 жылы шықса, оның еңбек өтілі 42 жыл болады. Бүгінгі күні бұл азамат жасына байланысты 58 мың 844 теңге зейнетақы алады. Ал базалық төлемі – 15 274 теңгені құрайды. Бірінші шілдеден бастап оның зейнетақысы сол қалпында қалады. Ал базалық қаржы төлемі 28 284 теңге болады. Яғни, биыл 1 шілдеден бастап 33 жыл еңбек өтілі бар және еңбек өтілі одан асқан адамдарға 100 пайыз күнкөріс мөлшері төленеді.

Залға жиылған аға буын өкілдері мамандарға өздерін толғындырып жүрген сауалдарын жолдап жатты. Кейбірі қолдарына қағаз қаламдарын алып, бірден шілдеден бастап алатын зейнетақыларын есептей бастады. Айта кетейік, өзгерістер енді ғана құрмет демалысына шығатын жандарға да қатысты. Бірақ олар үшін құжаттарды рәсімдеу жеңілдетілген.

 

Магжан Ахмадина