Қоғам

Солтүстік Қазақстан облыстық архивіне – 95 жыл

Петропавл қаласындағы алғашқы мұрағат 1923 жылы Ақмола облыстық архивінің бюросы ретінде құрылды. Содан бері өңірдің тарихи құнды құжаттары осы мұрағат қорында сақталған. Биыл Солтүстік Қазақстан облыстық архиві өзінің 95 жылдығын атап өтуде. Елеулі датаға орай “Ақпараттық кеңістіктегі архивтердің рөлі” атты халықаралық конференция өтуде.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінің директоры:

– Қазіргі таңда біздің мұрағатта 304 қызметкер жұмыс атқарады. Архивтегі ең көне құжаттың бірі 1855 жылғы. Осы уақыт ішінде мұрағатқа 592 471 құжат сақтауға тапсырылған. Солардың 33 855-і аса құнды құжаттар болып саналады.

Халықаралық конференцияға Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің өкілі Марзия Жылысбаева да келді. Ол Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің 95 жылдығына орай аталмыш мекемеге Қазақстанның тұңғыш мұрағатынан бірнеше құнды құжатты сыйға тартты.

Марзия Жылысбаева – ҚР Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары, Алматы қаласы:

– Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық архиві 16 ғасырдан бастап осы уақытқа дейін құнды құжаттарды сақтап отырған мұрағат. Бүгінгі шараға сый ретінде Қызылжар қаласында 1906-1908 жылдардағы құрылған мұсылмандардың кітапханасына қатысты құжаттарды әкелдім.

Коференция барысында республиканың және көрші мемлекеттерден келген архив мамандары бұл саладағы тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Омбы қаласынан келген Галина Бородина бұл жиынға баяндама әзірлеп, көрермендерге 19-шы және 20-шы ғасырдағы Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің көрмесін де ұсынды. Мұндағы құжаттардың көшірмелері Солтүстік Қазақстан облыстық архивіне тапсырылады.

Галина Бородина – Омбы облысының тарихи архивінің Азаматтық соғыс тарихын зерттеу орталығының басшысы, Омбы қаласы:

– Бұл жерде 1896 жылғы және 1902-1903 жылдары орын алған көрме туралы құжаттар жайғасқан. Бірінші көрмені 2-ші Николайдың өзі ұйымдастырыпты. Міне сол көрмедегі барлық ақпарат мына қағаз бетіне түсірілген. Енді Сіздер де осы құнды құжаттармен тереңірек таныса аласыздар.

Архив – мемлекеттің кешегі және бүгінгі тарихының сақтаушысы. Ал ұлтымыздың кешегісі мен бүгінін құрайтын құнды құжаттарды болашақ ұрпаққа аманат ету міндеті – мұрағатшыларға сеніп тапсырылған. Осы орайда Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бұл сала қызметкерлері де елеулі үлестерін қосуда.

 

Дана Ешкенова