Денсаулық сақтау

Санкт-Петербургтық дәрігерлер қабылдау жүргізіп жатыр

Марина Казацкихті осыған дейін мойын омыртқасындағы ауырсынулар мазалап жүріпті. Сондықтан, ол қаңтар айында “Атлант” орталығының дәрігерлеріне көмекке жүгінген. Ақ халаттылар ауырсынулардың себебі – бірінші мойын омыртқасының, яғни атланттың жылжуы екенін айтқан. Ем-дом қабылдаған соң, жағдайы жақсарыпты. Бүгін 16 жасар Марина қаралуға қайта келіп отыр.

Марина Казацких:

– Ең алғаш рет бұл диагнозды дәрігерлер маған 2014 жылы қойған. Менің үнемі ұйқым келіп, тез шаршайтынмын. Бір иығым екіншісінен төменірек болатын. Осы орталықта емделгеннен кейін мен өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Иығым да орнына келді.

Атланттың жылжуына жол-көлік апатында не өндіріс барысында алған жарақаттар, тіпті бала туу кезінде сәбиге келтірілген зақым себепші болып жатады. Адамды қалыпты өмірге қайта оралтуға бірегей швейцариялық әдістеменің қауқары бар. Ресейлік дәрігерлер болса, аталған әдісті осымен бірнеше жыл өз қызметтерінде пайдаланып келеді.

Владимир Бочановский, Санкт-Петербургтық “Атлант” медициналық орталығының дәрігер-ребилитологы, РФ:

– Біздің орталық краниовертебралды аймақтың жұмысын қалыпқа келтірумен айналысады. Бұл аймақ бас сүйек пен омыртқаны жалғайды, миды қанмен қамтамасыз етеді. Тың технологияның көмегімен біз бұл зонадағы бұлшық ет пен буындардың жұмысын қалыпқа келтіреміз.

Петропавлда ресейлік мамандардың қабылдауы мамырдың 16-на дейін жалғаспақ. Дәрігерлердің көмегіне 8-715-2-63-21-72 нөмірі арқылы хабарласуға болады. Ем дом шаралары мен қажетті кеңес беру М.Жұмабаев көшесі 109 мекен жайы бойынша орналасқан “Панацея” медициналық орталығында жүргізіледі.

Молдир Макишева