Спорт

Қызылжар мен Қайсар ұпай бөлісті

Қайсар – қалпақпен ұрып жеңетін қарсылас емес. Қызылордалықтар соңғы 2 матчта азулы деген Тобыл мен Шахтердің өзін ірі есеппен тізе бүктірді. Осыдан-ақ сыр жағасы саңлақтарының қазіргі қарқынын білуге болады. Матчтың басында біз мақтаған қонақтар өз мықтылықтарын дәлелдеді де. Олар жиі шабуылдап, алаң иелерінің апшысың қуырды. Тіпті ұрымтал сәттердің бірінде есеп ашылуға да сәл қалды.

Бұдан соң да қайсарлықтардың шабуылы толастамады. Дегенмен, Тимурбек Закиров қорғаған қақпаға алғашқы таймда гол соғылмады. Өз кезектерінде жергілікті жігіттер де белсенді. Бірақ, алдыңғы шептегі Тимур Мульдинов, Братислав Пуношевац сынды қызылжарлықтар бірнеше мәрте көсіліп көргенімен, нәтижеге қол жеткізе алмады.

– Бірінші тайм тарысты өтті. Екінші тайм бұдан да қызықты боларына сенемін.


– Мен Қайсардың жанкүйерімін. Сол себепті қызылордалықтардың жеңіске жеткенін қалаймын.


– Өзім Қызылордадан боламын. Жерлестеріміз жерге қаратпайтындықтарына сенемін.

Іске ерте кірісу керек. Олай болмаса, жеңістің ауылы алыстайды. Дәл осыны жақсы білетін жерлестеріміз екінші таймның алғашқы минуттарынан басымдықты өз қолдарына алды. Шабуылды үдетіп, алға шығудың амалдарын жасап бақты. Теріскейліктердің төккен тері ойын соңына қарай өз жемісін берді. Бірақ, Братислав Пуношевац офсайттан есеп ашқандықтан гол саналмай қалды.

Сонымен таблодағы есеп 0-де 0. Кездесуде жеңімпаз анықталмады.

Аслан Жанұзақов – “Қызыл-Жар СҚ” ФК жартылай қорғаушысы:


– Өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық. Әйтпегенде жеңіс біздің қолда еді. Дегенмен тең есеп те жақсы нәтиже. Қоржынымыз бір ұпаймен толықты. Енді келесі кездесулерге дайындалатын боламыз.

Қызылжарлықтар келесі ойынын 19-шы мамыр күні сырт алаңда Павлодарлық Ертіске қарсы өткізеді. Әзірге, соңғы турдан соң теріскейлік құрама 8 ұпай жинап турлирлік кестеде 10-шы орынға тұрақтап тұр.

Байболат Култанов