Мәдениет

“Burabay Summer Fest” теле-фестиваліне іріктеу өтті

“Burabay Summer fest” – ең дарынды жастарды жинап, таланттылардың талабын арттыруды көздейтін халықаралық телевизиялық фестиваль. Оған 10 мен 16 жас аралығындағы жеткіншектер қатысады. Биылғы шара Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналмақ. Мамырдың 12-сінде аталмыш халықаралық фестивальге қатысатын теріскейлік жеткіншектер іріктелді.

Ботагөз Тағұдретова – СҚО Білім басқармасының бас маманы:


– Іріктеу тоғыз аталымда жүріп жатыр. Вокал, дәстүрлі ән, көркемдік оқу және тағы да басқалары. Барлығы 200-ге жуық жеткіншек қатысып жатыр.

Оқушылар сарайында бишілер сынға түсті. Іріктеуге облыстың барлық аудандарынан 15-тен астам топ жиналған. Қазір сахнада “Алуа” би ансамблі өнер көрсетіп жатыр. 9-10 жасар қыздар қазылар сынына “Бүркіттер” биін ұсынды.

Айзере Төлеген – “Алуа” халықтық би ансамблінің бишісі, Петропавл қаласы:


– Біз Астанада бұл бимен бірінші орын алдық. Би қиын емес, оны бір айдың ішінде жаттадық.

Ал мынау – Ғ. Мүсірепов ауданынан келген “Конфетти” ансамблі. Олардың билері тіпті ерекше. Кавказдың лезгинкасын аудан бишілері барабандармен әрлеп, көрген көздің жауын алатын композиция түрінде ұсынды.

Валентина Кириенко – “Конфетти” халықтық би ансамбілінің бишісі, Ғ.Мүсірепов ауданы:


– Композициямыз өте қиын. Барабандағы ойын мен биді ұштастыру үлкен физикалық дайындықты талап етеді. Сондай-ақ тау халқына тән күш пен қайратты жеткізе білу керек. Бірақ сәтті өнер көрсеттік деп ойлаймын. Бұл бидің бізге Бурабайға жолдама беретініне сенімдіміз.

9 аталымда үздік шыққан теріскейлік таланттар маусым айында Бурабай курортында өтетін 2 апталық курстарға жолдама алады. Мұнда жеткіншектерге отандық және шетелдің танымал өнерпаздары сабақ беріп, шеберлік сыныптарын өткізеді. Ал Бурабай халықарлық фестивалінің гала-концерті шілденің алғашқы күнінде Елордада өтпек. Бұл шараға тек жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жас дарындар ғана қатысады.

 

Саят Ермек