Спорт

Петропавлға халықаралық медиаэкспедиция қатысушылары келді

Қазақстанда бұл шеру 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінде Шымкент қаласында бастау алды. Кейін экспедиция қатысушылары Алматы мен Астанаға аттанды. Енді міне олар 4500 шақырым жерді артқа тастап, ат басын Петропавл қаласына тіреді.

Серік Мурзабеков – медиаэкспедицияға қатысушы, Алматы қаласы:

– “Жеңіс шексіз” Халықаралық медиаэкспедиция елімізде алғаш рет өтіп жатыр. Шеруге қатысуға Қазақстанның барлық мотоклубтары ниет білдірді. Петропавлға кеше келдік. Бізді жергілікті мотоклубтың мүшелері қарсы алды. Жалпы біз 60-қа жуық қаланы аралап өтпекпіз. Маусымның 22-і күні шеруіміз Белоруссияның Брест қаласында аяқталады.

Қазір шеруге қатысушылар М. Жұмабаев көшесімен жүріп келеді. Енді олар осы қарқынмен “Жеңіс” саябағына дейін жетпек. Барлық шеру видеоға түсіріліп, кейін фильм ретінде шығарылады. Ол үшін Шымкент қаласынан қатысушылармен бірге арнайы видеооператор да келе жатыр. Міне, экспедиция мүшелері межелеген саябаққа келіп жетті. Олардың арасында Игорь Лясов та бар. Азамат шеруге жұбайы Алия мен 3 айлық қызын бірге алыпты. Бұл Лясовтар отбасының алғашқы сапары емес. Осыдан 8 жыл бұрын олар барлық Қазақстанды аралап шыққан екен.

Игорь Лясов – медиаэкспедицияға қатысушы, Астана қаласы:

– Жалпы біз сапар шеккенді ұнатамыз. Егер мүмкіндік болса, жолға жиі шығап тұрамыз. Биыл міне, бізге кішкентай қызымыз да қосылды. Кеше Астана қаласынан шықтық. Біздің мақстамыз- Брест қаласына дейін жету.

Әзірге Петропавлға дейін Лясовтар отбасы мен Серік Мурзабеков қана жетті. Алайда, оларға жолда тағы еріктілер қосылмақ. Солардың бірі жерлесіміз – Вильдан Сайдашев.

Вильдан Сайдашев – медиаэкспедицияға қатысушы, Петропавл қаласы:

– Мен бұл экспедиция туралы жақында ғана естідім. Енді досым, жұбайым және қызыммен бірге осы шеруге аттанбақ ойым бар. Жұбайым мені бірден қолдады. Әрине, жолда қиыншылықтар да болуы мүмкін. Сондықтан, барлық керек-жарақты алып, жақсылап дайындалу қажет.

Бұл жерде саяхаттаушыларды студенттер мен оқушылар қарсы алды. Кейін экспедиция мүшелері жеңіс үшін жанын қиған ұлы қаһармандардың рухына тағзым етіп, “Жеңіс” мемориалына гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, оларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Енді қатысушылар Ресейдің Қорған қаласына аттанбақ.

Молдир Макишева