Балалар

Петропавлда робототехникадан облыстық турнир өтті

Сәлден соң мына LEGO MINDSTORMS EV3 (Лего Майндстормс ЕВА3) топтамасынан роботтар пайда болады. Құлтемірлерді химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің студенттері Дамир Гималетдинов пен Артур Искаков құрастырып жатыр. Қос жасөспірім аталған жобаны небәрі бір аптаның ішінде ойластырып, іске қосып отыр. Бүгін Дамир мен Артур эстафета категориясында бақтарын сынауда.

Міне, әр бірі 1 келі болатын екі робот бір-біріне эстафета таяқшасын табыстап, 5 минуттың ішінде барынша көп айналым жасауы тиіс.

Дамир Гималетдинов – химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің студенті:


– Мен робототехникамен 3 жыл айналысып жүрмін. Осы уақыт аралығында көптеген облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жүрмін. Айта кетсем, былтыр “КазРоботикс” чемпионатында өзімнің серігім Артур Искаковпен 3-ші орын алғанбыз. Өткен жылы “робофутбол” жобасы болды.

Жалпы «КазРоботикс» жарысының өңірлік кезеңіне 100-ден артық ұл-қыз жиналып отыр. 5 пен 18 жас аралығындағы қатысушылар «KazRoboProject» және «KazRoboSport» тәртіптері бойынша сынға түседі.

Данияр Уалиев – химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары:


– Ережеге сай оқушылар өздерінің роботтарын жасап келді. Програмасын құрды. Автаномды түрде роботтар берілген ереже бойынша тапсырмаларды орындау керек. Бұл жарыстар негізі балаларда сыни тұрғыда ойлауды және шығармашылықты дамытады.

Облыстық турнир жеңімпаздары және үздік ғылыми жоба авторлары кубок және медальдармен марапатталып, елордамызда өтетін робототехникадан республикалық чемпионатқа қатысуға жолдама алмақ.

Тогжан Акмагамбетова