МТРА жаңалықтары

Кенелер 90-ға тарта тұрғынды шаққан

Көктем келіп, күн жылыған мезетте жәндік атаулымен қатар кенелер де тіріліп, адамдарға қауіп төндіреді. Қансорғыштың бұл түрі әсіресе сәуір мен қыркүйек айларының аралығында өте белсенді. Өлкемізде биыл күн райы оң қабақ танытпаса да, облыс аумағында кене шаққан 88 оқиға орын алып үлгерді. Абырой болғанда зардап шеккен жерлестеріміздің бірде-бірі кене инцефалитін жұқтырмаған.

Гүлнара Аждарова – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы:


– Өткен жылы кене инцефалитіне Айыртау ауданының 2 тұрғыны шылдықты. Талдау көрсеткендей, көбіне қауіпті жәндіктер маусым айында ерекше белсенді болады. Халықаралық бағдарлама аясында облысқа Алматыдан “санитарлық-эпидемиологиялық және сараптама ғылыми-тәжірибелік орталығынан” бір топ паразитолог келді. Олар Айыртау, Қызылжар, Мамлют пен М.Жұмабаев аудандарындағы ормандарда кенелерге талдау жүргізді. Нәтижесінде жәндіктердің барлығында энцефалиттің бары анықталды.

Кенелер көбіне қала мен облыс аумағындағы демалыс саябақтары мен орман ішінде жиі кездеседі. Сол себепті мамандар табиғат аясында серуендегенде сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.

Гүлнара Аждарова – СҚО денсаулық сақтау департаментінің бас маманы:


– Аш кенелер адамдардың киіміне жабысып алып, дененің ашық бөлігіне өтуге ұмтылады. Қансорғыштар адам мойыны, шаш арасы мен қолтыққа еніп, өздеріне ыңғайлы мекен іздейді. Сондықтан табиғат аясына саяхаттағанда ашық түсті киімдер киіп, кене еніп кетуі мүмкін деген дене мүшелерін мейлінше жабық ұстау қажет.

Ал кене шаққан жағдайда, бірден жақын маңда орналасқан емдеу мекемесіне жүгінген абзал. Кене инцефалитіне қарсы тиімді шара – ол дер кезінде жасалынған вакцинация болып табылады.

Бахыт Садвокасов