Қоғам

Әскери борышын өтеуге 641 теріскейлік бозбала аттанады

Қатаң іріктеуден өткен мына 55 жігіт Отан алдындағы борыштарын өттеуге Жамбыл облысы “Гвардейск” қалашығындағы әскери бөліміне аттанғалы тұр. Әрбірінің бет-жүзінен ата-аналары мен дос-жарандарына деген қимастық байқалады, бірақ олардың алдында елді қорғау міндеті бар. Әскер қатарында өз борышын 24 жасар Әділ Абдірахманов та өтейді. Спортқа бір табан жақын болғандықтан, ол темірдей қатал тәртіп пен офицерлердің бұйрығын мүлтіксіз орындауға дайын.

Әділ Абдірахманов – әскер қатарына шақырылушы, Петропавл қаласы:


– Бүгінгі күнде Қарулы Күштердің қатарына әскери борышын өтеу әр адамның қасиетті борышы және парызы. Еркек болғаннан кейін, әскерге бару керек. Денсаулығымда ешқандай кедергі жоқ, денім сау.

Биыл көктемгі әскер қатарына шақырту науқаны 15-ші наурызда басталып, 27-ші маусымға дейін жалғаспақ. Осы күні облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент 225 сардарды ҚМ-нің әскери бөлімдеріне, мемлекеттік күзет қызметіне 10 және шекара қызметіне тағы 92 теріскейлік бозбаланы аттандырыпты.

Жандос Жаманбалинов – Петропавл қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы:

 


– Көктемгі әскер қатарына СҚ облысынан еліміздің ҚК-і, өзге де әскери тектері мен құрылымдарына жалпы саны 641 бозбала аттанады. Енді мамыр-маусым айларында Ұлттық Ұланның әскери бөлімдеріне болашақ Отан қорғаушыларды іріктейтін боламыз. Өкінішке орай, мерзімді әскери қызметтен жалтарып, бармаудың жолдарын қарастыратын жігіттер қатары жиілеп кетті. Алдағы уақытта осы бағытта тиісті шараларды қолданатын боламыз.

Шарада сөз алған мерзімді әскери борышын өтеушілердің ата-аналары балаларына жауапты қызметте сәттілік тілеп, орталарына аман-есен оралуларына тілектестік білдірді. Ал жиын соңында өнерпаздар сарбаз жігіттердің жігерін арттыратын патриоттық әндерден шашу шашты.

Бахыт Садвокасов