ТЖ

Ірі нысандардағы өрт қауіпсіздігі тексеріліп жатыр

Наурыздың 25-інде Ресей Федерациясының Кемерево қаласында жан түршіктігерлік жағдай болғаны елдің есінде. Сол күні шаһардағы ірі сауда орталығы отқа оранып 60-тан аса адамның өмірін қиды. Бұндай қайғылы оқиғаны енді болдырмау қажет. Сол себепті облыстық төтенше жағдайдар департаментінің мамандары өңіріміздегі халық көп баратын нысандардағы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеріп жатыр.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


– Сәуірдің 2-сі мен мамырдың 10-ы аралығында 39 тексеріс шарасын жүргіздік. Олардың 34-і бойынша жұмыс толығымен аяқталды. Нәтижесінде 425 өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмау фактісі анықталды. Осы үшін нысан иелеріне 348 мың 725 теңге көлемінде айыппұл салынды. Негізінен нысандарда қосалқы шығу есіктерінің жабық тұруы, эвакуациялау үшін арнайы белгілердің көрсетілмеуі сынды заң бұзушылықтар белгілі болды. Мұндайға жол берген тұлғалар олқылықты 2 айдың ішінде жөндеуі тиіс.

2 айдан соң мамандар сол нысандардағы атқарылған жұмысты қайта тексереді. Егер де ескертулер елеусіз қалса нысан иесіне 100 АЕК айыппұл салынбақ. Кейін, іс сотқа жіберіледі. Дегенмен, аяқ асты төтенше жағдай бола қалса, ондай оқиғаларға сол нысандарға баратын жерлестеріміз де дайын болуы қажет. Сол себепті өңірімізде ірі сауда ғимараттарында оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр. Жыл басынан бері мұндай шараның 27-сі ұйымдастырылыпты. Тағы, брифингте биыл теріскейде болған өрт оқиғалары жайлы айтылды.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Жыл басынан бері өңірімізде 260 өрт оқиғасы орын алды. Салдарынан 16 адам қаза тапты. Көз жұмған жандарың 3-еуі бала. Тағы, 11 азамат дене жарақатын алды. Төтенше жағдай салдарынан келген материалдық шығын көлемі 57 млн. теңгеден асады. Негізінен қызыл жалын бұрынғыдай жеке тұрғын үй секторларында жиі тұтанады.

Ең ірі өрт оқиғасы наурызда тіркелді. Айдың алғашқы күнінде Кристалл ойын-сауық орталығының шатыры жанған болатын. Сонда тілсіз жаудың келтірген шығыны 30 млн теңгеден асыпты. Ал, ең соңғы қайғылы оқиға 9-шы мамырда орын алды. Дәл мерекеде Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде отта 53-ші жылғы азамат қаза тапты. Ол темекі шеккен күйінде ұйықтап қалып, көз жұмған.

Байболат Култанов