Қоғам

Қайырымдық бал-маскарадына дайындық жүріп жатыр

Дәл қазір мына залға жиылған сұлу да сымбатты ұл-қыздар вальс, танго, полонез, қара жорға және флэшмоб билерінің барлық қыр-сырын үйреніп жатыр. Осы хореографиялық қимылдарды аз ғана уақыт ішінде меңгеріп алғандардың қатарында Балжан Ысмайыл мен Әлішер Түреновтен құралған жұп бар. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері аталған шарада өнер көрсету үшін 2 бірдей кастингтан сүрінбей өткен көрінеді.

Балжан Ысмайыл – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


– Билеу қиын емес. Егерде өзіңде ниет болса билеуге болады. Мұнда дайындық өте қызықты өтеді. Қазір қатты дайындалып жатырмыз. Күніне 2-3 сағаттан дайындаламыз. Әзірліктер өте қызу жүргізілуде. Бәрі жақсы болады деген ойдамын.

Айта кетсек, биылғы қайырымдылық шарасы өзгелеріне қарағанда ерекше өтпек. Мұнда бозбалалар мен бұрымды қыздардан құралған 30 жұп пен кішкентай балғындардың 42 жұбы өнер көрсетеді. Аукционға бағалы спорттық лоттар, қолөнер және әшекей бұйымдары қойылмақ. Белгілі бокшылар Серік Сәпиев пен Жанат Жақияновтың қолтаңбасы бар спорт киімдері де сатылымға шығарылмақшы. Жиналған қаражат ауыр дертке шалдыққан Амир Ғабдуллин, Карина Баймолдина және Владислава Головыринаның еміне жіберілетін болады.

Әсемгүл Есқожа – “Қоғамдық келісім” КММ жетекшісі:


– Қайырымдылық кешіне 300-ге жуық адам қатысады деп күтілуде. Олардың арасында өңіріміздің ірі кәсіпкерлері болады. Биыл бізде кішкентай дебютанттар өнер көрсетеді. Бұл арқылы бүлдіршіндерді кішкентайынан қайырымыдылық шараларына баулып жатырмыз.

Шаһарымыздағы үшінші қайырымдылық бал-маскарады мамырдың 15-інде Түркістан мейрамханасында өтпек.

Тогжан Акмагамбетова