МТРА жаңалықтары

Петропавлдықтар қаладағы ескі ағаштардың кесілгеніне наразы

Жыл басынан коммуналдық кәсіпорын Мир және Абай көшелерінің бойындағы 60 шақты ескірген ағашты кескен. Басым бөлігі – терек және үйеңкілер. Олардың орнына мынадай қарағай, шырша отырғызлыпты. Жұмыстың осы түрі қаланы көгалдандыру бағдарламасы аясында атқарылуда. Бірақ, Петропавлдықтардың аталған шаруаға қатысты айтар өз уәждері бар. Біразы сау ағаштар кесіліп жатыр дейді. Кейбіреулерін көшеттер жерсінбей қалуы мүмкін деген ойлар мазалайды.

– Қарағайлар қаланың ішінде жерсінбейді. Бұл менің жеке пікірім. Ал облыс орталығын көгалдандыру шарасын өз басым құптаймын.

– Өте жақсы болды. Ескі сойдиып тұрған ағаштарды кесіп, аласалау өсімдіктерді егіпті.

– Біздің шаһарымызда қарағайлар өспейді. Оларды отырғызған соң суарып, тиісті күтімін жасап тұрған дұрыс.

Бұл іске жауаптылардың айтуынша, олар жасыл желекті түгел кеспей, тек ескі және шірігендерін ғана алып тастауда. Тіпті, осымен облыс орталығында ағаштарды отау шаруасы доғарылмақшы. Енді бірде-бір ағаш кесілмейді. Керісінше, көптеп отырғызылмақшы екен. Оның ішінде, шырша, қарағай, қайың, шетен бар. Жалпы осы көктемде жерге мыңға жуық көшет егіліпті. Сондай-ақ 3 шақырымға бөріжидек, шегіршін, жабайы алма ағаштары отырығызылған. Бұл жұмыстар одан әрі жалғаспақ.

Дулат Шарапиденов – қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:


– Ағаштарды сатып алуға қала қазынасынан қаражат қарастырылмаған. Отырғызу жұмыстарына ғана 22 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат көшеттер тасымалына, жанар-жағармай мен еңбеккерлердің жалақысына жұмсалады. Көшеттерді орман, тоғайлардан қазып аламыз. Қарағайды Боголюбово және Пеньково селоларының маңайынан алып жатырмыз. Жасыл желектердің жерсіну көрсеткіші – 70-80% құрайды
.

Әлеуметтік желілерде Петропавлдағы ағаштарды алмастыруға қатысты сан сауал самсап тұр. Бұл бастаманы қолдаушылар табылып жатыр. Алайда қарсылық танытқандар да бар. Соңғылары тіпті петиция дайындап жатыр. Олардың қатарына 700 адам енген. Интернетте шу көтерілгенімен, қалалық әкімдікке ресми түрде жазбаша шағымдар түспепті.

Дулат Шарапиденов – қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:


– Интернеттегі пікірлерді оқыдым. Алайда, тұрғындармен бетпе-бет жүздескенімде жақсы пікірлер білдіріп жатыр. Бұл бастаманы құптайтындарын жеткізді. Жерлестеріміз шіріген ағаштарды кескен дұрыс, олар өткен-кеткенге қауіп төндіреді деп айтып жатыр.

Айту керек, ағаштардың кесілуіне Фейсбук желісінде бірінші болып қарсылық білдіріп, қол жинай бастаған қала тұрғыны тілшілерімізге сұхбат беруден де бас тартты. Содан бұл бастаманың қандай мақсатты көздегенін түсіну қиын. Ал қала басшылығы болса, үстіміздегі жылы 5 мың ағаш және 35 шақырымға бұталы қоршау іспеттес өсімдіктер отырғызамыз деп отыр.

Берик Касен