Қоғам

Облыстық фестиваль өтті

Бүгінде жастар кітапханаларға жиі бара қоймайды. Оларды көбіне әлеуметтік желі қызықтыратындығы жасырын емес. Сол себепті кейінгі буын өкілдерінің қызығушылығын ояту үшін аталған ошақтардың жұмысын 21-ғасырға сай жетілдіру – кітапханашылардың басты міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс Шал ақын ауданында сәтті жүзеге асуда. Аталған өлкедегі орталықтандырылған кітапханалық жүйе өз оқырмандарын әрдайым жаңашылықтарымен қуантып отырады.

Бахытгүл Галиева – библиограф, Шал ақын ауданы:


– Біздің кітапхана да коворкинг центр бар. Бұл орталықта әрбір оқырманымыз дем алып, ойындар ойнай алады және кітап оқып, керек мәліметтерін ала алады.

“Рухани қазына” облыстық фестиваліне өңірдің үздік деген музей, кітапхана, мәдениет үйлерінің қызметкерлері жиналды. Олар көрермендерді жұмыстарымен танысытырып, жаңа идеяларымен бөлісті. Бүгінгі фестивальге қатысқан үздік мекемелердің арасында С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы да бар.

Елена Скакунова – С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері:

– Біздің кітапханамыз бәрінен де өзгеше. Оқырмандарымызға кітап беріп қана қоймай, түрлі шаралар мен байқаулар ұйымдастырып тұрамыз. Оған қоса латын, ағылшын тілдері және компьютерлік сауаттылық курстарымыз бар.

“Рухани қазына” облыстық фестивалінің қатысушылары 16 аталым бойынша марапатталады. Байқауда жеңіске жеткендер республикалық сайыста өңір намысын қорғамақ.

Аягөз Әубәкірова – СҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бас маманы:


– Бұл фестиваль өңірімізде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Елбасының “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” атты мақаласының аясында облысымыздағы мәдениет және өнер ұйымдарының қызметкерлері өз жұмыстарын таныстырып жатыр.

Айта кеткен жөн, облысымызда 13 музей, 321 кітапхана және 241 мәдениет үйі бар.

Дана Ешкенова