Қоғам

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да “Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы талқыланды

Евгений Тетюхин – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің германо-роман филологиясының профессоры. Ол әлемге белгілі филология ғылымдарының докторы Светлана Тер-Минасованың «Язык и межкультурная коммуникация» атты кітабымен 30 жылға жуық таныс.

Евгений Тетюхин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:


– Бұл туындыда қамтылған мәселелер 140-тан астам ұлт өкілі тұратын Қазақстан үшін аса маңызды. Аталған оқу құралы орыс және ағылшын ұлттарының мәдениетін талдауға бағытталған. Онда өзге халықтардың да мәдени байланыстары және ұлтаралық түсіністік туралы көптеген қызықты материалдар бар.

Бүгінде құндылығымен танылған оқулық “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық” жобасы аясында ана тілімізге аударылып, университетте білім алып жүрген жастарға қолжетімдірек бола түсті.
Сондай-ақ, конференцияда тарих ғылымдарының кандидаты Зылиха Бимақанова жобаның маңыздылығына тоқталып, нәтижесінде қазақ тілінің ғылыми қоры байытылатынын атап өтті.

Зылиха Бимақанова – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті:


– Осы жоба ҚР студенттеріне ең таңдаулы заманауи білімге қол жеткізуге, білім сапасын арттырып, білім саласындағы жаһандық бәсекелестікке дайындалуға мүмкіндік береді.

Қазақ тіліне аударылған 18 оқулықтың әрқайсысы 10 мың данамен басылып шыққан. Алдағы уақытта бұл кітаптар еліміздің барлық өңірлеріндегі оқу орындарына таратылатын болады. Әзірге, туындылардың электрондық нұсқасымен танысуға мүмкіндік бар.