Денсаулық сақтау

Еліміздегі медицина колледждерінің үздік түлегі анықталды

20 жастағы Сымбат Самат Атырау медициналық колледжінің “Емдеу ісі” бөлімінде білім алады. Бұрымды қыз бүгінгі байқауға мықтап дайындалып келіпті. Ең алдымен, медицина саласының болашақ қызметкерлері өздерін таныстырып өтті. Бұдан соң, қазылар мен байқау көрермендері “103-ті үмітпен теремін” тақырыбындағы бейне-роликтерді тамашалады.

Сымбат Самат – Атырау медициналық колледжінің 4 курс студенті:


– Мен бұл жарысқа ең алдымен, өзімді рухани жағынан дайындадым. Содан соң, оқу орнындағы оқытушылармен бірлесе, теориялық, одан соң практикалық дағдыларды үйрендім. Мен осы мамандықты бітіргеннен соң, жоғары оқу орнына түсіп, дәрігер болып шыққым келеді.

Болашақ фельдшерлер мен мейірбикелер 2-ші кезеңде “Акушерия”, “Терапия”, “Хирургия” және “Балалар аурулары” пәндерінен тест тапсырмаларын орындауы қажет. Ал, ең соңында 4 жыл бойы жинақтаған теориялық білімдерін іс жүзінде көрсетеді. Барлығы бүгінгі байқауда еліміздің әр өңірінен келген 10 қатысушы бақтарын сынап жатыр.

Елена Терре – Солтүстік Қазақстан медициналық колледжі директорының орынбасары:


– Бүгінгі байқауға Астана, Көкшетау, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Түркістан, Атырау, Ақтау, қалаларындағы медициналық колледждерде оқитын студенттер келіп отыр. Үміткерлерді өте білікті мамандар сынап, бағалайды. Үшінші кезеңде қатысушылардың алғашқы көмек көрсетету қабілеттерін байқаймыз. Онда теріскейдегі оқу орнында білім алатын ұл-қыздар пациенттердің рөлдерін сомдайды.

Республикалық кәсіби шеберлік конкурсының соңында жеңіске жеткен студент 2018 жылғы медицина колледжінің үздік түлегі атанып қана қоймай, грамота мен арнайы сыйлыққа ие болады.

 

Тогжан Акмагамбетова