Денсаулық сақтау

12 мамыр – Халықаралық медбикелердің мерекесі

30 жылдық тәжірибесі бар Алма Қайыржанова қазір күнделікті жұмысын атқарып жатыр. Балалардың қан қысымын өлшеп, олардың жағдайын сұрастырады. Қиын, әрі жауапты мамандықты нәзік жанды кездейсоқ таңдамаған.

Алма Қайыржанова – облыстық балалар ауруханасының неврология бөлімшесінің аға медбикесі:

– Медицина саласында жұмыс істеуді мен кішкентай кезімнен армандаған едім. Мейірбикелердің қобдишасындай үлкен қызыл жолағы бар сөмкем болған. Менің ең алғашқы пациенттерім – қуыршақтарым еді. Оларға укол қойып, емдейтінмін. Жалпы медбике болу үшін ең алдымен мейірімді, тыңғылықты және сабырлы болу қажет.

Кішкентайынан медицина саласын таңдап қойған нәзік жанды өз арманын жүзеге асырып, 1988 жылы Алматы медициналық колледжін аяқтайды. Маман еңбек жолын Қостанай облысынан бастапты. Ал 1997 жылы Алма Қайыржанова Петропавлдағы балалар ауруханасына неврология бөлімшесіне орналасады. Содан бастап нәзік жанды 21 жыл бойы өз жұмысын мінсіз атқарып келеді. Алайда, қиыншылықтардың орын алатынын да жасырмады.

Алма Қайыржанова – облыстық балалар ауруханасының неврология бөлімшесінің аға медбикесі:

– Біз балалармен жұмыс істегендіктен, олардың көңілдерін аулауымыз керек. Кейбір бүлдіршіндер әлі сөйлемейді, сондықтан қай жері ауыратындығын айта алмайды. Бұл әрине жұмысымызды әлдеқайда қиындатады. Соған қарамастан, міндетімізді тиісті деңгейде атқарамыз. Жалпы неврология бөлімшесінде 20 қызметкер жұмыс істесе, соның 9-ы – медбикелер.

Науқастың қас-қабағына қарап, ауруынан айығып кеткенше бәйек болатын медбикенің еңбегін әріптестері де жоғары бағалайды.

Елена Суворова – облыстық балалар ауруханасының бас медбикесі:

– Алма Қайыржанованы мен 20 жылдан астам танимын. Ол өз ісіне берілген адам. Осы аралықта өзін ұжым арасында білімді, сабырлы маман ретінде көрсете білді. Біздің жастарымыз тәжірибелі маманды үлгі тұтады.

Қазіргі таңда облыстық балалар ауруханасында 17 бөлімше бар. Оларда 227 медбике қызмет етеді. Дені – 20 жылдық тәжірибесі бар мамандар.

Молдир Макишева