Без категории

Жеңіс тойы мерекелік отшашуға ұласты

Жеңісті жақындатуға үлес қосқан ардагер ата-апаларымыздың үрім-бұтақтары осында. Жиналғандар дәстүрге сай, жауынгер бабаларын еске алу мақсатында майшамдар жақты. Жұлдыз бейнелеп, ортасына 73 санын жазды. Бұл акция облыс орталығында қатарынан 6-шы жыл өткізілуде.

Рүстем Есенбергенов – Қалалық жастар бастамалары орталығының директоры:


– Отаны үшін жанын берген аға буын өкілдерін еске алу үшін мың жарым майшам жағылды. Осыны балалар, жастар көрсін, бейбітшілік пен тәуелсіздіктің бағасын білсін деп әдейі ұйымдастырып жүрміз. Сондай-ақ, бұл шара Отанға деген сүйіспеншілікті оятуға септеседі. Акцияның өтуіне жас депутаттар қауымдастығы, жастар мәслихаты, қалалық жастар бастамалары орталығы бас болды. Біз кейінгі буын ардагерлерімізді ұмытпаймыз.

Әскери-патриоттық сарындағы әндердің де жас буынға оң әсері бар. Өңір өнерпаздары туған жер, ерлік тақырыбындағы әндерді шырқап, жиналғандардың рухын көтерді.

3 сағаттық концерттен кейін отшашуға кезек берілді.

Жеңіс тойына арналған отшашуды петропавлдықтар мен қала қонақтары 20 минут бойы тамсана тамашалады.

Берік Қасен