Құқық қорғау органдары

Заңсыз балық аулағандар құрықталды

173 келі балықты аулап үлгергендер енді қандай жауапқа тартылады?


Жыл сайын көктемде бірқатар балық түрлерін аулауға тыйым салынады. Мәселен, шортан, сазан, ақ қайран, көк серкенің уылдырық шашу маусымы кезінде, яғни сәуірдің 15-сінен, мамырдың 20-на дейін оларға қармақ құруға болмайды. Алайда, бұл тыйымдарды ескермейтіндер де кездеседі. Мұндай заңбұзушыларды анықтап, жауапқа тарту үшін тәртіп сақшылары әрдайым тиісті рейд шараларын күшейте түседі.

Петропавл қаласының бұл екі тұрғыны Шал ақын ауданында құрықталды. Сергеевка су қоймасының аумағына қызылжарлықтар қайықпен шығып, мөңке мен шортан балығын ауламақ болған. Бұл пиғылдары жүзеге асты. Алайда, істі тындырып болған соң, заңбұзушылар іздерін суытып үлгермеді.

Асхат Қожабаев – СҚО ІІД жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау полициясы бөлімшесінің инспекторы:

 


– Облыс аумағында сәуірдің 15-нен орман мен жануарларды қорғау облыстық аумақттық инспекциясымен бірлесіп жүргізген рейдттер барысында Сергеевка су қоймасында уылдырық шашу мезгілінде балық аулаған Петропавл қаласының екі тұрғыны ұсталды. Күдіктілерден жалпы салмағы 173 келі балық, аулар мен қайық тәркіленіп алынды. Олардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 400 мың теңге көлемінде шығын келтірілді. Қазіргі таңда фактінің негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 335 бабы 3 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Аталған баптың санкциясы екі мың айлық көрсеткіш көлеміндегі айыппұлды немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Бұл – тыйым салынған балықты аулауға қатысты жыл басынан тіркеліп отырған алғашқы факті. Жалпы, биыл табиғат заңнамасы 300 мәрте бұзылса, 37 теріскейлікке қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Эльмира Садвокасова