Білім

Студенттердің білім алуларына жағдай жасалып жатыр

Наурыздың 5-інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты халыққа үндеуін жария етті. Маңызды құжаттың 3-ші бағытында жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту жайы көрсетілген. Бұның негізінде ұлт көшбасшысы 2018-2019 оқу жылында қосымша 20 мың грант бөлінетіндігін мәлімдеді. Оның дені – техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына берілмек.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:


– Елбасы техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінетін гранттардың саны ұлттық ЖОО-мен бірдей болсын деген тапсырма берді. Бұл дегеніміз біз сияқты оқу ошақтарындағы гранттар 2 есеге дейін көбейеді деген сөз. Мұндай мүмкіндік біздерге өте тиімді. Өйткені, өзімізде білікті мамандарды жеткілікті деңгейде даярлайтын боламыз. Кейін, олар өлкемізге еңбек ететін болады.

Жалпы, бүгінгі күні М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 48 білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриат, 23 магистрант және 4 phd докторантарын дайындайды. Биыл өңірдегі іргелі оқу ордасындағы мамандықтар саны арта түспек. Нақтырақ айтсақ, үстіміздегі жылдан бастап жастар жаңа 29 кәсіп түрін иегеретін болады. Олардың бірі бойынша медициналық қызметкерлер дайындалады.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:


– Биылғы оқу жылынан бастап “Жалпы медицина” және «Фармация» мамандықтары бойынша құжаттарды қабылдай бастаймыз. Бұл мүмкіндік жастардың көңілдерінен шығып жатыр. Олар өздері туған жерде білім алып, жұмыс істейтіндеріне разы. Оған қоса біз медициналық мамандықтарды 5+2 жүйесі негізінде ашқалы отырмыз. Осы жаңашылдық негізінде студент 5 жыл бакалавриатты меңгереді. Кейін, 2 жыл интернатурада білімдерін толықтырады.

Бұған қоса, алдағы уақытта оқу ордасында студенттер математика-физика, биология-химия мұғалімі сынды қос мамандықтар бойынша да оқытылатын болады. Ол үшін университет басшылығы Білім және Ғылым министрлігіне өтініш жолдапты. Жастарды сапалы біліммен қамту үшін оларға жағдай жасау қажет. Бірінші кезекте қалада тұрмайтын ұл-қыздарды жатақханамен қамтамасыз еткен жөн. Бұл мәселе теріскейде шешімін таппақ.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:


– 1000 орынға шақталған 2 бірдей жатахана салынбақшы. Қазіргі таңда олардың жобалық сметалық құжаттарын жасап жатырмыз. Облыстық әкімдік студенттер үйін салуға жер де қарастырып қойды. Бұдан бөлек, қазір №3 жатақанаға жөндеу жасалып жатыр. Онда академиялық мобильдік бойынша өзге жақтан келген жастар тұратын болады.

Айта кетейік, қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 5 жарым мыңнан астам студент оқиды. Олардың қатары 2021 жылға қарай 8 мыңға дейін артады деп күтіліп отыр.

 

Байболат Култанов