Әр түрлі

Мамырдың 16-сы айлардың сұлтаны Рамазан басталады

Бұл шақта ауыз бектіп, ораза ұстаймын дейтін жандарға қандай ережелерді естен шығармаған жөн, пітір садақаның биылғы мөлшері қандай болмақ?


Саят Ермек – тілші:


– Қазір хижра күнтізбесі бойынша 1439 жыл. Биылғы Рамазан мамырдың 16-сына келіп отыр. Нақтырақ айтсақ, 12 айдың сұлтаны 5 күннен кейін бастау алады. Бұл қасиетті 30 күнде ораза ұстау – Аллаһ тағаланың дені сау, ақыл есі бүтін әр мұсылманға жүктеген 5 парызының бірі. Сондай-ақ, дін өкілдерінің сөзінше қасиетті Рамазанда орза ұстап, ауыз бекіту тек ас пен судан тыйылуды ғана көксемейді.

Бұдан бөлек бұл айда әр мұсылман іштей тазарып, иманын түзеп, нәпсісін тыйып, қайырымдылыққа бет бұруы шарт. Мұны шариат талап етеді. Биылғы қасиетті Рамазан айы мен ораза мамырдың 15-і түнде, тарауық намазын оқудан бастау алады.

– Биылғы ораза кестесі мынадай. Ауыз бекітуді ниет еткендер Рамазанның алғашқы күні, яғни алдағы сәрсенбіде таңғы сағат 3:18-де сәресін ішіп, кешкі 21:30-да ауыздарын ашулары тиіс. Ал қасиетті айдың соңғы күні маусымның 14-і болады. Бұл күні сәресі 3:04-те, ал ауызашар кешкі 22:07-де ішіледі. Орташа есеппен сәресі уақыты әр күн сайын жарты минутқа қысқарса, ауызашар уақыты шамамен 1 минутқа ұзарып отырады. Кестенің толық нұсқасын “Қызылжар” орталық мешітінің muftyat.kz сайтынан алуға болады.

Ауыз бекітіп, Аллаһтың сауабын алам дейтін мұсылмандар шариатта жазылған жарғы-ережелердің біршамасын сақтауы тиіс. Ораза уақытында сағыз шайнауға, темекі шегуге, жармен жақын болуға, сүйісуге, тағы ыстық моншаға түсуге рұқсат жоқ. Бұл тыйымдардың тек кейбірі ғана. Ал сілекей жұтуға, тіпті сәл жуынуға тыйым салынбаған.

Кенжетай қажы Бәйкемелұлы – “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:


– Салқын душ қабылдауға болады. Бірақ мұрыннан не ауыздан су ішке еніп кетпеуі тиіс.

Бір-екі күн ораза ұстап, шыдай алмай, оны бұзу да үлкен күнә. Исламның басты айында ниет етіп, ауыз бекіткен жан ауырып қалса, не алыс сапар шексе ғана ауызын ашып жіберуге хақылы. Тек қазасын ораза айт тәмам болғаннан соң өтеу міндет. Тағы бір міндет – Пітір садақа беру.

Кенжетай қажы Бәйкемелұлы – “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:


– Мұқтаждарға пітір садақа беру – мұсылмандық парыз. Биыл садақаның бағасы былтырғыдай қалды – жан басына 300 теңге. Бірақ жағдайы мүшкіл жандарға бермеуге де болады, бұл міндетті емес
.

Бес күннен кейін бастау алатын оразаның алғашқы ауызашарын “Қызыжар” орталық мешіті береді. Ал қалған 29 күнді теріскейдің ауқаттылары, исламды ұстанатын түрлі диаспора өкілдері мен меценаттар өзара бөліп алған. Алла үйінде ас беретіндер әлдеқашан анықталып қойған, ал сол ауызашарға келемін дейтіндерге мешіттің есігі айқара ашық.

Саят Ермек