Балалар

60 мың оқушы жазғы демалыспен қамтылады

Мектептегі сабақтардың аяқталуына жарты айдан аз уақыт қалды. Қазір, оқушылар жазғы демалыстарын жоспарлауда. Бұл ретте өңірдегі балаларды сауықтыру орталықтары да тиісті дайындық шараларын жүргізіп жатыр. Лагерь маусымы жаздың алғашқы айының 5-і мен 10-ы аралығында басталады. Алайда, бұған дейін ведомствоаралық комиссия мүшелері орталықтардың жеткіншектерді қабылдауға қаншалықты дайын екендігін тексермек.

Гүлнара Сеитова – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:


– Лагерь балаларды қабылдамас бұрын дезинфекциялық шараларды жүргізуі қажет. Сонымен қатар, сауықтыру орындарында орталықтандырылған су мен жылыту жүйесі болуы керек. Алайда, өңіріміздегі лагерьлер тек жазғы маусымда жұмыс істейді. Сондықтан, соңғы талап міндетті емес. Соған қарамастан, корпустардағы температура әрдайым 18 градустан төмен болмауы қажет. Бұның барлығы тексеріс кезінде ескерілетін болады.

М.Жұмабаев ауданындағы «Ақ қайың» балаларды сауықтыру лагерінің директоры Мұрат Ортамышевтің сөзінше, ол басқаратын орталық барлық талаптарға сай. 10 жыл бұрын ашылған демалыс орны бір маусымда 550 жеткіншекті қабылдамақ ниетте. Яғни, жаз айында ауданның түкпір-түкпірінен барлығы 2700-дей бала «Ақ қайың» лагерінде сауыға алады. Олардың 300-і әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан оқушылар.

Мұрат Ортамышев – «Ақ қайың» балаларды сауықтыру лагерінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:


– Біздің лагерьде 5 маусым болады. Балалр үшін барлық жағдай жасалған. Аумағымызда корпустар, бассейн, теннис корты сынды нысандар бар.

Жалпы, биыл облысымызда 13 балаларды сауықтыру лагері жұмыс істемек. Жолдама кұны 14 мыңнан 20 мың теңгеге дейін жетеді.

Анатолий Тарахтун – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:


– Үстіміздегі жылы 9 мыңнан астам әлеуметтік жағдайы төмен балалар мемлекеттік қаражат есебінен лагерьге жіберіледі. Аталған мақсатқа 63 млн теңгедей қаржы қарастырылған. Жалпы, биыл балаларға арналған бағдарламалар Астана қаласының 20 жылдығы, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы сынды мерейтойлармен байланыстырылмақ. Бұған қоса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында балаларды Қазақстанның және СҚО-ның киелі жерлерімен таныстыру жоспарланған.

Лагерьлерден бөлек, әрбір білім ошағының жанында жазғы уақытта алаңқайлар жұмыс істемек. Осылайша, өңірдегі 500-ге жуық мектеп 35 мың оқушыны демалыспен қамтитын болады.

Эльмира Садвокасова