Без категории

ҰОС ардагерлерін өңір басшылығы құттықтады

ІІ-ші дәрежелі “Ұлы Отан соғысы” ордені , “Германияны жеңгені үшін» медалі. Бұл жерлес батыр Федор Принц иеленген марапаттардың бір парасы ғана. Ерліктерінен сыр шертетін естеліктердің біразын Ұлы Отан соғысының ардагері ұрпақтарына үлестіріп беріпті. Өйткені, 94 жастағы қарияға заман тыныштығы маңызды. Бозбала шағымда көрген қиындықтар тек естелік ретінде қалып, кейінгі жастардың басында келмесін дейді ол.

Федор Принц – соғыс ардагері:


– Мен қалмақ даласында, Солтүстік Кавказ жерлерінде жаумен алыстым. 159-шы, 156-шы, 188-ші және 216-шы атқыштар дивизиясында әскери борышымды атқардым. Майданда қарулас екі досым болды. Омаров, Старцев деген сарбаздармен бір ыдыстан бөлісіп тамақ жедім. Жеңіс мерекесін Украина жерінде қарсы алдық. Бейбіт өмірде ауыл шаруашылығы саласында тер төктім.

Федор Принцті Жеңіс мерекесімен өңір жетекшісінің орынбасары Асқар Сақыпкереев және шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов құттықтай келді. Шенеуніктер құр қол кірмей, ардагерге облыс әкімі беріп жіберген сыйлық – теледидарды табыстады.

Федор Принц 12 немере, 20 шөбере мен тағы 8 шөпшектің атасы атанып отыр. Солай бола тұра, бүгінде жалғыз өзі тұрады. Қазақстанда өсіп-өнген үрім бұтағы қазіргі таңда Украина және Германия елдеріне қызмет етіп жүрген көрінеді.

Ал, Шаяхмет Мұрзақанов 1943 жылдың 6-шы ақпанында әскер қатарына шақыртылған. Сол кезден бастап ол десанттар бригадасында тәжірибе жинақтайды. 18 жасында Қызыл армия қатарына қосылған майдангер сұрапыл соғыстың барлық қиыншылығын көрген. Жерлесіміз 346 атқыштар полкы 104-ші дивизияның қатарында жаумен күресіп, ерлік көрсетті. Кеудесін көмкерген медальдар мен ордендер сол батырлығының дәлелі. Жауынгер 1945 жылы Ұлы жеңісті Прагадан 50 шақырым жерде орналасқан Табор станциясында қарсы алдым,- дейді.

Шаяхмет Мұрзақанов – Ұлы Отан соғысының ардагері:


– 9 мамыр күні посадканың арасында жатқан уақытта дабыл ойнады. Бізге шабуыл жасалды деп ойлағанбыз, бірақта “Жеңіс, жеңіс” деген сөздер естілді. Сол кезде, офицерлер мен солдаттар фуражкаларын бастарынан шешіп, лақтырды. Бұл сондай тамаша болды.

Биыл сол Жеңіс таңының қайта атқанына 73 жыл толып отыр. ҰОС ардагері Шаяхмет Мұрзақановты айтулы мерекемен құттықтауға өңір жетекшісінің орынбасары Мадияр Қожахмет пен қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов келді.

Меймандар майдангерге Құмар Ақсақаловтың құттықтаулары мен алғыс хатын жеткізіп, мейрамға орай, теледидар тарту етті.
93 жасқа жеткен Шаяхмет Мұрзақанов 5 баласынан 9 немере мен 12 шөбере сүйіп отыр. Батырдың ұрпақтары қарт майдангерді мақтан тұтатындарын айтады.

Ақжан Аманбекова – Ш. Мұрзақановтың шөбересі:


– Біз барлығымыз атамызды қатты жақсы көреміз. Және де ата қаншалықты қиыншылық көрсе де, ол қиыншылыққа мойымауға, еліміздің аман болғандығын, жұртымыздың тыныш болғандығын әр қашан тілеп отырады. Оны қазіргі заманның батыры деп есептейміз. Өзіміздің осындай атамыздың бар екендігін мақтан тұтамыз.

Айту керек, бүгінде өңіріміздегі 110 ҰОС ардагерінің көзі тірі. Мейрам күні олардың ешбірі назардан тыс қалмады.

 

Берик Касен