Без категории

Сұлтан Мұхамеджанов – Сталинград түбінде шайқасқан майдангер

Оқ жауыны, жолдастардың өлімі, окоптағы күзет пен ауыр жарақаттар. Сұлтан Мұхамеджанов – соғысты бастан аяқ өткерген ардагер. 41-дің желтоқсанында 19 жасар бозбала шағында ол қызыл армия қатарына өтеді. Ал 42-де Сталинград түбіндегі кескілескен шайқастарға қатысқан. Ұрыстардың бірінде өз қолымен екі бердей танткі жарып, 10 неміс басқыншысын жойған. Алғашқы ауыр жарақатын да осында алады.

Сұлтан Мұхамеджанов – Ұлы Отан соғысының ардагері:


– Оқ бетімнен кіріп, желкемнен шығып кетті. “Ура” деп айқайлағанда тесіп өтіп кеткен.

Егер, дәл сол уақытта жауынгер айқайлап, ураламағанда, қазір бізбен әңгімелесіп отырмас еді. Алайда, бұл Сұлтан ақсақалдың тәніне соғыстың салған жалғыз ізі емес. Осыдан кейін ол тағы үш рет оққа ұшады. Бәрінен аман қалып, дивизия қатарында Болгария, Румыния мен Югославияны азат ету жолында жауға шапқан. Ұлы жеңіске қол жеткізіп, атой салып, қуанған шақ та ақсақалдың әлі күнге дейін көз алдында.

Сұлтан Мұхамеджанов – Ұлы Отан соғысының ардагері:


– Естіген кезде қуанып, жылап, бір-бірімізді құшақтадық
.

Тек Отанына ардагер 46-ның шілдесінде оралады. Жеңістен кейінгі бір жылда Берлиндегі Гитлердің бункерін күзетеді. Қайтып келген соң қаржы мамандығын меңгеріп, біраз жыл осы салада талмай еңбек еткен. Оралған жылы құдай қосқан қосағы Рашида Азаматованы кездестіріп, 3 баланы тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде жары о дүниелік болса да, ақсақал қазір 5 немересі мен 4 шөбересінің қызығын көріп отыр. Олардың бірі осында болса, өзгелері Қазақстан мен Ресейдің бірқатар қалаларында қызметте. Дегенмен, жыл сайын мамырдың тоғызында бәрі жиналып, дастархан жайып, Ұлы жеңіс күнін батыр аталарымен бірге атап өтеді.

Зүлфия Багаутдинова – С.Мұхамеджановтың немересі:


– Біз кинфильмдердегі қаһармандарға қарап, қызығамыз. Ал сол батырлар біздің арамызда ғой. Сталинград шайқастарына қатысқан теріскейлік ардагерлердің ішінде қазір тек екеуінің көзі тірі. Бірі – менің атам. Әрқашан одан бізге, шөберелеріне майдандағы оқиғаларын, ерліктерін айтып отыруды сұраймыз. Себебі, өскелең ұрпақ бабаларының болашақ үшін жасаған ұлы істерін құлақтарымен естіп, жүректерімен сезінулері тиіс.

Қазір ақсақалдың кеудесінде 3-ші дәрежелі “Даңқ” ордені, “Ерлігі үшін” медалінен басқа ондаған награда жарқырап тұр. Тоқсанның бесіне шықса да, ардагер әлі тың. Күнде көшеде серуендеп, өзге ақсақалдармен дойбы, шахмат ойнайды. Үйдегі есеп-қисап, қаржылай сұрақтардың бәрімен өзі айналысады. Тіпті, заман игілігі ғаламторды да меңгеріп алған Сұлтан ата күнде шөберелерімен скайп арқылы тілдеседі. Бұл былай тұрсын, бүгінге дейін Сұлтан Мұхамеджанов бір де бір жеңіс шеруінен шет қалып көрген емес.

Саят Ермек