Без категории

Шаһарда “Мәңгілік полк” шеруі өтті

Саят Ермек – тілші:


– 9-мамыр – Ұлы Жеңіс күні. Сағат таңғы ондар шамасы. Қазір біз Пушкин көшесіндегі “Мәңгілік алау” мемориалының маңындамыз. Мұнда мыңдаған қала тұрғыны жиналған. Бірнеше минуттардан кейін олар “Мәңгілік полк” патриоттық акциясын бастайды.

Батыр бабаларының суреттерін бастарынан асырып, қалың бұқара даңғыл бойын жағалай тұр. Арасында жасы да, кәрісі де бар. Бірі майдан даласында шейіт болған әкесін, бірі сұм соғыстың сұмдығын көрген атасын, ал үшіншілері қосақтарын еске алып, ұлықтауға келген.

Қазымаш Мейрамова – ҰОС ардагерінің жұбайы:


– 41-ші жылы соғысқа кетті, 45-те қайтып келді. Бір қолы мен бір аяғынан айырылып оралды.

Міне, маңызды сәт – сап құрған алып колонна Пушкин даңғылын бойлап алға қадам басты. Шеру басталды. Қараған көзге қуаныш сыйлап, бір уақытта жас ұялатар ақ-қара суреттерді аспанға көтеріп, теріскейлік жауынгерлердің ұрпақтары әндетіп әрі уралап адымдап келеді.

Қазбек Құрманғожин – ҰОС ардагерінің немересі:


– Атамды еске алуға келдім. Ол Белорусияда шайқасқан. Жерленген жерін таба алмадық, іс-түссіз жоғалды деген хабар келді.

Бастауын 2012 жылы алған “Мәңгілік полк” патриоттық акциясы Петропавлға 2014-те жетті. Алғашқы шеру 1,5 мың, былтырғысы 5 мыңға жуық шаһар тұрғынын қамтыды деген мәлімет бар. Ал бүгін полк сапында жүріп келе жатқан қалың бұқараның санына жету қиын. Белгілісі бір – жыл санап мамырдың 9-ында бізге жеңісті сыйға тартқан ардагерлерді ұлықтаушы петропавлдықтардың саны артып келеді.

– Менің арғы атам Тиыштыбаев Ердес Севостополь түбінде соғысқан. Оны мақтан тұтамын.


– Атамның аты – Қапыс Оспанов. Ол Мәскеуде соғысты. Атам күшті әрі мықты.


– Атам жарты Европаны жаяу жүріп өткен ардагер. Сондай -ақ, Жапонияда да жауға шапқан.

Пушкин көшесінен бастау алған “Мәңгілік полктің” шеруі Бөкетов пен Әуезов көшелерімен жүріп өтіп, Конституция даңғылында тәмамдалды. Мұнда қалалықтар бас алаңдағы концертті тамашалап, Жеңіс күнін тойлап, көзі тірі ардагерлерді құттықтап, сый-құрмет көрсетуді жалғастырды.

Шәмшия Жұмалина – тыл ардагері:


– Соғыстың зардабын көрдім. Адам баласына мұндай соғысты бермесін. Ұрпақтарымыз аман болсын.

Саят Ермек – тілші:


– Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды, ҰОС зардабы өскелең ұрпақтың мәңгі есінде. Ал аталмыш акция осының айқын дәлелі.

 

Саят Ермек