Без категории

Отты жылдары жаумен арпалысқан майдангерлерге құрмет

Зұлмат жылдары арпалысқан жауынгерлерге құрмет көрсетіп, ерліктеріне тағзым ету үшін жерлестеріміз таңсәріден Жеңіс саябағына қарай бет алды. Шаһар тұрғыны Оралтай Қалиұлы батыр ардагерлерді ұлықтау үшін жылда осы ескерткішке келетін көрінеді. Әскери борышын Семей полигонында өткерген оның әкесі де, жеңісті жақындатуға үлес қосқандардың бірі.

Оралтай Қалиұлы – Семей полигонының зардабын жоюға қатысушы:


– 3 жыл полигонда болдым. 63-тен 66-жылға дейін болдым. Енді ондай әскери қызмет болмасын. Менің әкем де соғысқа қатысқан. Ағаш көлікпен сол соғысқа барды. Соғыс болмасын, әрқашан еліміз гүлдене берсін!

Көппен бірге Петропавлдағы әскери-техникалық мектеп тәрбиеленушілері де даңқты сарбаздардың құрметіне гүл шоқтарын қоймақ. Бүгінгі сардарлар майдан даласында шайқасқан ардагерлерімізді мақтан тұтамыз дейді.

– Ардагерлеріміз біз үшін мақтаныш. Бойымызда әскери сезімді оятады. Біз әрқашан осы Жеңісті жақындатқандарды құрметтеуіміз керек.

– Туған атам соғысқа қатысқан. Соғыс уақытында қайтыс болған. Қазір маңызы зор, аспанымыз көк, бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Бәріне шүкіршілік етуіміз керек.

Қанды ұрыстарды бастан өткеріп, еліне аман оралған қарт майдаргерлер де осы жерден табылды. 43-ші жылы әскер қатарына алынған Қожатай Некібаев, талай қаланы жаудан азат етуге ат салысқандардың бірі. Ұлы Отан соғысының ардагері кейінгі буын бейбіт өмірдің қадірін білсе екен дейді.

Қожатай Некібаев – Ұлы Отан соғысының ардагері:


– Жастар мына Отанымызды көркейтуге үлестерін қоссын. Мына техниканы меңгеріп, толыққанды сапалы білім алсын.  Сол 43-ші жылы қаңтарда мені әскерге алып, Шығысқа жөнелтті. Сонда барып әскери даярлықтан өттік. Сосын бізді майданға аттандырды.

Бүгін Жеңіс саябағының әр бұрышында сол отты жылдардан сыр шертер шағын қойылымдар ұсынылды. Мына жерде шаһардағы білім ошақтарының оқытушылары түрлі қару-жарақты жинап-шашу тәсілдерін көрсетуде. Ал келесі бетте әскери киім киген мұғалімдер соғыс әндерін шырқады.

Теріскейліктер сарбаз ботқасынан да дәм татуға мүмкіндік алды. Далалық асханадан ауыз тиюге асық жерлестеріміздің қатары қалың. Әскери асты бабына келтіріп дайындау бұл жолы 6637 әскери бөлімінің сарбаздарына сеніп тапсырылған.

Иван Ратушный – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:


– Біздің әскери бөлім сарбаздары 125 адамға арналған ботқа дайындады. Далада әзірленген астың дәмі ерекше. Қазір біз ботқаны ыстық күйінде тұрғындарға үлестіріп жатырмыз.

Бұл күні өңір тұрғындары қаһарман жауынгерлердің құрметіне арналған мерекелік бағдарламаны да тамашалады.

 

Бахыт Садвокасов