Қоғам

Ер міндеті-ел қорғау

Айтмағанбет Қанафин бала кезінен барлық ұлдар сынды форма киіп, әскери адам болғысы келіпті. Сөйтіп, жастайынан спортпен айналысқан, жоғарғы сыныптарда алғашқы әскери дайындық сабақтарына үзбей қатысады. Ал 1987 жылдың мамыр айында Отан алдындағы борышын өтеуге шақыртылған. Кейін прапорщиктер мектебін тәмамдап, еңбек жолын Венгрияның зымыран әскерлерінде бастайды. Бірақ сол кездегі жас жігіт десантта қызмет еткенді қалапты.

Айтмағанбет Қанафин – запастағы капитан:


– Мен 1990-шы жылы Белорусияға ауысып, ондағы зымыран әскерінде қызмет еттім. Сол жердегі әскери қалашықта тұрғанда десантта қызмет ететін көршімді күнде көріп қызығатынмын. Ол мені өзіне шақырды. Мен көп ойланбастан келісіп, түрлі норматитвтерді орындадым. Бірақ жұмыстан мені жібермей қойды. Дегенмен бәрібір алған бетімнен қайтпай, сонда ауысып, 99-шы жылға дейін жұмыс істедім.

Десанттағы жұмыстың бір жарым жылы басты барлау басқармасындағы қызметте өтті. Сол жерде жүріп, көп нәрсеге үйреніпті. Өйткені, нақ осы арнайы жасақ жауынгерлері суға салса батпайтын, отқа салса жанбатын жандар деп саналған. Жұмысын тастау қиын болса да жерлесіміз Отанынан жырақ жүрген бала-шағасының қамын ойлап, елге қоныс аударыпты.

Айтмағанбет Қанафин – запастағы капитан:


– Елге келіп, Петропавлдағы әскери училищеге жұмысқа тұрдым. Содан бірде осында да арнайы жасақ взводы құрылады деп естіп, бірден құжаттарды жинауға кірістім. Іріктеу оңай болған жоқ. Дегенмен керекті нормативтерді ойдағыдай тапсырып шықтым. Осы қызметімде маған басты барлау басқармасында жинаған тәжірибем көмектесті.

Айтмағанбет Қанафинің әскери жолы туралы айта беруге болады. Өйткені, ол өңірдегі арнайы жасақтың бастауында тұрып қана қоймай, қызыл беретті бірінші болып алғандардың қатарында. Ал оған қол жеткізу қиының қиыны. Ел ағасы қазір еңбек демалысына шықса да әлі күнге дейін 75 шақырымды қалай жүгіріп өтіп, қандай сындарды бағындырғанын ұмытқан емес. Осы уақыттарда оған қолдау көрсеткен бір жан бар, ол жұбайы – Ғайни.

Міне, Айтмағанбет Қанафин өмірлік серігі Ғайни жайлы осындай ерекше тебіреніспен айтуда. Олар 2 бала және сонша немере тәрбиелеуде.

Ғайни Қанафина – А. Қанафиннің жұбайы:


– Әскери адамның әйелі болу оңай емес. Ылғи көшіп-қонып жүресің. Оның үстіне біз үйленген соң бірден басқа елге Белорусияға көшіп кеттік. Өзге елде тұру қиын болды. Оның үстіне біз тұрған жер шағын ғана әскери қалашық еді. Күйеуім жақсы көмектесті. Жалпы біз бір-бірімізді үнемі қолдап жүрдік. Тұңғышымыз сол жақта дүниеге келді. Жұмысының қиындығына қарамастан Айтмағанбет балалармен де айналысты. Жалпы ол қамқор әке, адал жар
.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Айтмағанбет Қанафинің үлкен ұлы да әскери оқу оқып, қазір ел шекарасын қорғап жүр. Бірақ, кіші ұлы өзге саланы өміріне серік етпекші.

 

Магжан Ахмадина