Қоғам

“Жас ұлан” әскери спартакиадасы бастау алды

Қолайсыз ауа райына қарамастан болашақ Отан қорғаушыларымыз әскери институттың плацымен сенімді қадам басып келеді. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасындағы дәстүрлі “Жас ұлан” әскери спартакиадасы биыл 11-ші рет жалауын желбіретті.

Қанат Сәдуақас – аймақтық дене тәрбиесі спорт және АӘД оқу-әдістемелік орталығының директоры:


– 12 құрама қатысуда. Әрқайсысының құрамында 7 спортшыдан. Мақсат – патриоттық сезімді тәрбиелеп, болашақ Отан қорғаушыларды даярлау.

Саптық және физикалық дайындық, мергендік пен қаруды шашып-жинау – жеткіншектерді 10 түрлі сынақ күтіп тұр.

Қазір Ақжар ауданындағы Ленинград ауылшаруашылығы колледжінің студенттері АК-74-ті тез арада шашып-жинап жатыр. Норматив – 40 секунд. Бірақ, колледж студенті Рүстем Әубәкіров тапсырманы уақытында еңсере алмады. Бозбала қаруды тек 1 минут, 5 секундтың ішінде жинап берді.

Рүстем Әубәкіров – Ленинград ауылшаруашылығы колледжінің студенті, Ақжар ауданы:

– АК-74 қаруын 30 секундта шашып, 35 секундта жинап шықтым. Мұны мен АӘД сабақтарында үйрендім. Бұл пән бізде аптасына 3 рет оқытылады.

Бұл уақытта М.Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжі жанындағы лицей оқушылары противогаз бен жалпы әскери қорғаныс жиынтығын уақытқа киіп жатыр. Жеткіншектер нормативті сәтті орындап шықты. Себебі, білім ошағында АӘД сабақтары тиісті деңгейде жүргізіледі дейді оқытушылар.

Сержан Матенов – М.Жұмабаев атындағы ПГК жанындағы жаллы білім беретін мектеп-лиценің АӘД оқытушысы:

– Саптық дайындық, дене шынықтыру, жалпы әскери даярлықты оқытамыз. 10-сыныптар аптасына 2 рет, ал 11-сыныптар 1 рет оқиды.

Әскери институттың спортзалында болса, командалар тартылудан сынға түсті. Жаттығуды орындағанда иек кермеден асуы тиіс, дене мен аяқ қозғалыссыз тұрып, тек білек жұмыс істеуі шарт. Бәрі әскери талаптарға сай. Жалпы, спартакиада екі күнге жалғасады. Ертең командалар кедергілер жолағын бағындырып, атыс алаңында мергендіктерін көрсетеді, тағы 1 шақырымға уақытқа жүгіреді. Спартакиадада топ жарған құрамаларға кубоктар мен медальдар табысталмақ.


 

Саят Ермек