МТРА жаңалықтары

“Қазақтелеком” компаниясы қарт майдангерлерді құттықтады

Солтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясы 585 зейнеткерді қамқорлығына алған. Мекеменің үздіксіз жәрдемін сезініп келетіндердің 2-уі – соғыс ардагерлері.
Бүгін байланыс саласының басшылығы қарт майдангер Михаил Субботинді Жеңіс күнімен құттықтап келіп отыр. Жерлесіміз Петропавлда қызы және күйеу баласымен тұрады екен.

Қажымұрат Темірханов – “Қазақтелеком” АҚ Солтүстік ӨТД бас директоры:

– Ардагерлердің алдында басымызды иеміз. Бізге бейбіт өмір сыйлағандарына рахмет айтамыз. Ол кісілердің батырлығын әрдайым насихаттап, өскелең ұрпаққа үлгі етеміз. Көзі тірісінде ардақтыларымызды сыйлағанымыз дұрыс.

Михаил Субботин 1945 жылы ғана 18 жасқа толып, Қытайдың Харбин қаласын жапондардан азат етуге ат салысқан. Соғыста байланысшы қызметін атқарыпты. Сүйікті ісінен бейбіт өмірде де қол үзбеген. Байланыс саласында бел жазбай еңбектеніп, сол жерден құрметті еңбек демалысына шығыпты.
Михаил Субботиннің әріптесі Иван Хвостей де байланыс саласына 53 жылын арнаған. Ол да соғыстың сойылын көргенін айтады. Берлинді алуға қатысқан. Сол зұлмат оқиғаларды жадында айна қатесіз сақтапты. Оған қоса денесіне түскен жаралары да қанды жылдарды ұмыттырған емес.

Иван Хвостей – Ұлы отан соғысының ардагері, Мамлютка қаласы:

– Берлинде фашистерге тұтқиылдан шабуыл жасамақшы болдық. Одер өзенінен өте бергенде, немістер бөгендегі шлюздерді ашып жіберіп, жан-жақтан қоршап алды. Кері қайтайық десек, артымызда ұшқыштар жоғарыдан бомба тастап жатты. Солай мұздай суда 3 күн тұрып қалдық. Ол кез ақпан айының ортасы болатын. Оған қоса екі рет жау қолынан ауыр жараланып, бірнеше күн ес-түссіз жертөледе өлілердің арасында жатып қалдым. Әйтеуір, сарбаздар шала шыққан даусымды естіп, хирургтерге алып барды.

9 мамыр қарсаңында “Қазақтелеком” солтүстік өңірлік дирекциясы жеңісті жақындатуға үлес қосқандардың басын қосып, мерекені айшықтап атап өтпекші.

Маргарита Сальникова – Солтүстік Қазақстан облысының телекоммуникация қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы:


– Мекеме басшылығы зейнеткерлерімізді назардан тыс қалдырған емес. Жыл сайын үйлеріне барып, дәстүрлі мерекелерімен құттықтап тұрамыз. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қаржылай және материалдық тұрғыдан көмек көрсетіледі. Жеңіс күні қарсаңында тыл еңбеккерлерін кәсіпорынға шақырып, құрмет көрсетеміз.

Биыл да дәстүрге сай, Қазақтелеком компаниясының ұжымы қарияларға мерекелік дастархан жайып, концерт қоймақшы.

Берік Қасен