Без категории

“Мәңгілік полк” шеруі өтеді

Виктория Усольцеваның нағашы атасы Габдулла Файзулин 43-тің желтоқсанында майдан шебіне аттанған. Қырғи қабақ соғыста ол атқыш, кейін барлаушы болып, отын алдындағы борышын өтейді. Екі рет оққа ұшып, аман қалады. Қанды майдан мен кескілескен шайқастардың сұмдығы туралы ол ұрпағына тіс жарып айтқан емес. Жауынгер атасы жайлы бар деректі Виктория ол қайтыс болғаннан кейін, құжаттарын ақтарып отырып тапқан.

Виктория Усольцева:


– Атам Белград түбіндегі шайқастарға қатысқан, Румыния, Австрия мен Венгрияны азат ету жолында жауға қарсы шыққан. Сұрапыл соғыстан аман оралып, үш бала тәрбиелеп, аяқтандырды. Немере мен шөберелерінің қызығын көрді. “Батыр” атағын алмаса да, Кеңес үкіметін неміс басқыншыларынан қорғау жолында аянбады. Сондықтан ол біз үшін нағыз қаһарман.

Габдулла Файзулиннің зайыбы Закира Кашапованы да сұрапыл соғыс айналып өтпеді. Болашақ жарымен жауынгер 46-шы жылы Украинаның Самбр қаласында кездейсоқ танысқан екен.

Диас Усольцев:


– 41-жылы нағашы әжем “Медуза ” дейтін кемеде аспаз болуы тиіс еді. Тек кеме капитаны оны тым жассың деп жағалауда қалдырып кетіпті. Кейін фашистер”Медузаны” бомбаның астына алып, батырады. Ал әжем тірі қалады. Бұдан соң ол Ішкі істер халық комиссариатында еңбек етіп, солдаттардың хаттарындағы құпия әрі артық ақпараттарды өшірумен айналысады. Осында жүріп атаммен танысады.

Госпитальдан жаңа шыққан жас жауынгер Закира әжейдің сол кездегі қызметтік баспанасына квартирант боп орналасыпты. ҰОС соң олар 58 жыл бір шаңырақ астында, тату-тәтті өмір сүреді. Габдулла ата 2005, ал Закира апай 2012 жылы қайтыс болған. Аталары мен әжелерінің жасаған ерліктерін немере-шөберелері жақсы біледі. Біліп қана қоймай, бұл турасында шығармалар, мақалалар жазып, түрлі сайттар мен газеттерге басады, байқауларға да қатысып тұрады. Жыл сайын мамырдың 9-ында отбасы олардың бастарына барып, рухтарына тағзым етеді. Бұдан бөлек, шаһардағы “Мәңгілік полктің” шеруіне де қатысады. Бұл ауқымды әрі игі шара биыл да ұйымдастырылмақшы. Айта кету керек, аталған акция алғаш рет 2012 жылы Ресейдің Томск қаласында өтті. Отан үшін от кешіп, опат болған батырларды ұлықтайтын шеру 6 жыл ішінде қанды соғысқа қатысы бар ондаған мемлекет пен жүздеген қалаға таралды.

Саят Ермек – тілші:


– Петропавлда бұл акция 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бірнеше күннен соң , мамырдың 9-шы жұлдызында мыңдаған жерлесіміз жауынгер бабаларының мынадай суреттерін ұстап, қала көшелерімен жүріп өтпек. Былтырғы шеруге 5000-ға жуық петропавлдық қатысыпты, ал биыл жауынгерлерге құрмет көрсетушілердің саны бұдан
да көп болады деп күтілуде.

 

Саят Ермек