Мәдениет

Петропавлда жаңа фильмнің тұсауы кесілді

Александр Шингуров – “Осознание” фильмінде басты рөлді сомдап шықты.
Әрі осы туындыға режиссерлік еткен. Азамат кинотаспаны түсіруді 2015-те бастапты. Содан бері тынымсыз еңбек етіп, істі 2 жарым жылдың ішінде толығымен аяқтаған.

Александр Шингуров – “Осознание” фильмінің режиссері:

– Фильмді түсіру оңай болмады. Өйткені, барлық актерлерді бір жерге жинау қиындық тудырды. Бірақ әртістер уақыт тауып, туындыма түсті. Бұл менің екінші кинотаспам. Бұған дейін “Укрощение строптивой” фильмін түсіргенмін.

Фильмдегі оқиға Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма теарында өрбиді. Мәдениет ошағына ай десе аузы, күн десе көзі бар қыз жұмысқа тұрады. Оған барлық труппа ғашық болады. Тіпті, директордың өзі де. Күллі өнер ошағын өзіне қаратқан арудың рөлін – Светлана Завьялова сомдайды.

Светлана Завьялова – актриса:


–  Менің фильмдегі атым – Виктория. Оның мінезі өте тұйық. Кей кезде өзінше де болады. Ол ешкіммен ашық сөйлеспейді, ғашық жігіттермен мүлде араласпайды. Ал актерлер болса, оқиға желісі бойынша менімен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысады.

Ғашық жігіттердің арасында Александр Шингуров та бар. Ол қорқақ. Қанша рет қызға сезімін айтуға оқталғанымен, жүректегі жылы сөздерін жеткізе алмайды. Тек, фильмнің соңында ғана тіл қатады.

Осымен фильм аяқталды. Петропавлдық актерлер ойнаған туынды жерлестеріміздің көңілдерінен шықты.

–  Фильм өте қызық. Әр адамға көруге кеңес беремін.

– Туынды маған қатты ұнады. Фильмнен көп әсер алдым. Нағыз көруге тұрарлық кинотаспа деп айтамын.

Айта кетейік, “Осознание” фильмі ақпан айында америкалық кинофестивалде “Шет тіліндегі шағын метражды фильм” мен “Жетекші еркек рөлі” аталымындарында марапатқа ие болған.

Байболат Бектемірұлы