Қоғам

М.Жұмабаев ауданының ардагерлері бас қосты

Дастархан басына жиналған қариялардың барлығы кезінде түрлі салаларда еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосқан. Бүгін олар бір жерде жиналып, өткен-кеткенді еске алып, шүйіркелесіп алды. Жанға жылу сыйлайтын кездесудің ұйымдастырылғанына зейнеткер Зейнолла Олжабаев дән риза. Тоқсанның төріне шыққан қарт 45 жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында тер төгіпті. Сондай-ақ, ақсақал зейнетке шыққан уақыттан бері төл тарихымызды зерттеп жүр.

Зейнолла Олжабаев – М.Жұмабаев ауданының құрметті азаматы:


– Бос уақытымда газет-журналдар, кітаптар оқып, теледидар көремін. Көгілдір экрандағы түрлі хабарларды тамашалаймын. Туған ауданынымның тыныс-тіршілігін, қалай гүлденіп жатқанын қарап отырамын. Басқа аудандармен салыстырамын. Бүгін міне, бұрындары бірге қызмет еткен жолдастарыммен жиналып отырмыз. Бәрі бізге ыстық.

Бүгінгі мерекелік дастархан басына М.Жұмабаев ауданының гүлденуіне еңбегін сіңірген 100-ге жуық қария жиналған.

Ескендір Елеусізов – Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Былтырғы жылдың аяғында облыстық ардагерлер кеңесі болып мынадай бір мәселені көтерген едік. Аудандардың әкімдері мен ардагерлер кеңесінің төрағаларына ой тыстадық. Неге сіздерге қаламызда тұрып жатқан өздеріңіздің аудандарыныздан шыққан ардагерлермен кездеспеске. Олардың көңілдерін көтеріп, жағдайларын біліп, мерекелік іс-шаралар болсын өткізіп дегендей. Міне, соның айдынында бүгінгі күні кездесу өткізіліп жатыр.

Айта кетсек, бұған дейін шаһарымызда тұрып жатқан Есіл, Жамбыл, Аққайың және Қызылжар ауданының тумалары бас қосты. Қарттарға арналған шаралар жыл соңына дейін жалғаспақ.

Тогжан Акмагамбетова