Без категории

Отан үшін от кешкен

1941-45 жылдары «Отан үшін» майданға аттанып, от кешкендердің бірі – Қожатай Некібаев. 17 жасында соғысқа аттанған қария алдымен Украинаны, кейін бірнеше Европа мемлекетін жаудан азат еткен. Ал жеңіс күнін қария Австрияда қарсы алыпты. Рейхстагқа ту тігіліп, жау тізе бүкті деген хабарды естігенде сенер-сенбесімізді білмедік дейді қарт майдангер.

Қожатай Некібаев – ҰОС ардагері:


–  Соғыс бітті деп жариялады. Оған бастапқыда сенгеніміз жоқ. Ойымызда түк жоқ. Ең бастысы, тірі қаламыз ба, жоқ па деп соны ойладық. Сөйтіп жүріп жеңіске жеттік. Кейін бір айдай сол жерде болдық. Сосын елімізге қайтамыз дедік.

Бірақ Қожатай Некібаев соғыс аяқталған соң елге бірден оралмай, сол жерде тағы 3 жылға қалып, әскери міндетін атқарыпты. Ал 1948 жылы туған жерге келген соң зайыбы Айша әжеймен отау тіккен. Олардың отасқандарына биыл – 70 жыл толыпты.

Айша Некібаева – Қ.Некібаевтің жары, “Алтын алқа” белгісінің иегері:


– Атаң сондай еңбекқор адам болды. Үйге келсе, үйдің шаруасын кәдімгі жас балаша жұмыс істеді. Мектепте бір адаммен ұрсысып көрген емес. Мінезі сондай оңды. Осы отырған бойы міне. Бір балаға бір ауыз сөз айтып, ұрсып көрген емес. Әлі күнге дейін менің атымды атамайды. Бағдаттың мамасы, ананың – мынаның мамасы дейді.

Қарт майдангер соғыстан келген соң қол қусырып отырмай, педагогикалық училищеге түсіп, оны тәмамдапты. Кейін қазіргі Жамбыл ауданындағы Орталық ауылындағы мектепте табаны күректей 32 жыл сабақ берген. Қожатай Некібаевтің ел дамуына қосқан үлесі зор. Сол себепті мереке қарсаңында ардагердің үйіне облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары келіп, қарт майдангерге шағын сыйлық ұсынды.

Бүгіндері Қожатай Некібаевтің жасы 93-ке келген. Қазір ол 10 баласынан сүйген немере, шөберелерінің қызығын көруде.

Мағжан Ахмадина