Әр түрлі

Мамыр айы теріскейліктерді жылы күндерімен қуантпақ

Мамыр айы келгелі Солтүстік Қазақстанда күн жыли бастады. Сондықтан, қаламыздың бас көшесінде серуендеп жүрген жандардың қатары қалың.

Дана Ешкенова – тіліші:

– Синоптиктер мамыржай мамыр айы тұрғындарды жылы күндерімен қуантады деп болжап отыр. Мереке күндері де күн-райы оң қабақ танытпақ. Метеорологтардың айтуынша демалыстарда ауа температурасы күндіз +10-13, ал түнде +2 және 7 градусты көрсетеді.

Мамыр айында циклондар мен антициклондардың жиі ауысуы салдарынан ауаның суық және жылы толқындарының алмасуы орын алады. Нәтижесінде екінші онкүндікте және үшінші онкүндіктің екінші жартысында кей жерлерде өткінші жаңбыр болады деп күтілуде. Жел күшейіп, найзағай ойнайды. Синоптиктердің болжауынша, мамырда жауын-шашынның айлық мөлшері 28 мм шамасында болмақ.

Әсемгүл Айтуарова – “Қазгидромет” РМҚ СҚОФ инженер-синоптигі:

– Екінші онкүндікте ауа температурасы түнде +5-10 градус жылыдан +2-7 градус жылыға, кей жерлерде минус 3 градус үсік, күндіз +20-25 градус жылыдан +7-12 кей жерлерде 17 градус жылыға дейін ауытқиды.

Жерлестерімізді көктемнің соңғы онкүндігі шуақты күндермен қуантпақ. Бұл аралықта ауа температурасы күндіз +20 -25 болса, ал түнде +7-12 градусты көрсетеді.

Дана Ешкенова