Бизнес және экономика

Кәсіпкерлерге көрсетілген қолдау мығым

СҚО кәсіпкерлер палатасында қаржылай емес қолдау бағдарламасы 2014 жылдан жұмыс істейді. Бүгінге дейін аталған жоба аясында мекеменің менеджер-консультанттары бизнесмендерге 11 мың мәрте тегін көмек беріпті. Олардың 4269-і былтыр көрсетілген. Сол кезде палата мамандарының көмегі 2 мыңнан астам іскер азаматтың бизнесін реттеуге сеп болған. Биыл да ұйымға жүгініп, қолдау сұрағандардың қатары көп.

Александр Бердниченко – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Өткен 4 айдың ішінде кәсіпкерлерге 8 бағыт бойынша 1300 мәрте қаржылай емес көмек көрсеттік. Біздің қолдауды 737 клиентіміз пайдаланды. Олардың басым бөлігіне нақтырақ айтсақ, 48% заңгерлік қолдау жасалды. Тағы 30,6%-ына бухгалтерлік көмек бердік.

Қаржылай емес бухгалтерлік қолдауға қарамағында 2-3 жұмысшысы бар бірақ есепші жалдамаған жеке кәсіпкер иек арта алады. Жарты жылдық есепті дайындау қажет болғанда бизнесмен мекемеге келіп мұндағы қызметкерден көмек сұрайды. Сонда білікті мамандар істі тегін тындыруға жәрдемдеседі. Бұдан бөлек, мұндағы менеджер-консультантар болашақ іскер азаматтарға кәсіп бастауда да қол үшін береді.

Аслан Ақпанбетов – СҚО кәсіпкерлер палатасының менеджер-консультанты:


–  Биыл біз кәсіпкерлермен бірлесіп 64 бизнес жобаны жасап шығардық. Оның 35 пайызы қазіргі таңда жұмыс істейді. Ал, 40 пайызы банктердің қарауында болса, қалғанын тұрғындар әлі де қарап, егжей-тегжейлі зерттеп жатыр. Негізінен жобаны әзірлеуге ұзақ уақыт кетеді. Жасаған ісіміздің бәсекеге қабілетті болуы үшін еңбектенеміз. Біздің қолдауымыздың арқасында кәсібін бастағандардың арасында сұлулық салондарын ашқандар көп.

Өткен жылы Әлия Исабаева қызмет ететін “INTEGRUM SK” ЖШС кәсіпкерлер палатасындағы мамандардың ақыл-кеңесі бойынша ашылыпты. Биыл орталық басшылығы кәсіп аясын кеңейтпек ниетте. Сол үшін қайтадан бизнес жобаны әзірлеп жатыр.

Әлия Исабаева – “INTEGRUM SK” ЖШС қызметкері:


–  Орталықта тұрғындар қайта қалыпқа келу бағытында емделеді. Адамдарға заманауи “Алма” қондырғысы арқылы қызмет көрсетеміз. Жыл басынан бері бізге 100-ге жуық адам жүгінді. Ісімізді кеңейткіміз келеді. Сол үшін осындағы мамандармен ақылдасып, бизнес жоба әзірлеуге келдік. Кәсіпкерлер палатасындағы қызметкерлердің ақыл-кеңестерін міндетті түрде ескереміз. Өйткені, олар тиімді бизнес ашуға жол сілтейді.

Бұдан бөлек, мамыр айында СҚО кәсіпкерлер палатасында “Іскерлік байланыстар” жобасы жүзеге аспақ. Аталған бағдарлама аясында бизнесмендер тегін оқудан өтеді.


Молдир Макишева