Балалар

Әскери-патриоттық клубтардың арасында республикалық сайыс өтеді


Мына балалар 2017 жылы өткен “Алау” облыстық әскери-спорттық ойындардың жеңімпаздары. Енді оқушылар “Отан үшін қызмет етемін” атты Республикалық сайысқа аттанады. Олардың арасында Евгения Лосеева да бар. Жеткіншек “Алау” ойындарына 4-ші сыныптан қатыса бастаған. Сондықтан, ол барлық ойындардың түрлері және ережелерімен жақсы таныс.

Евгения Лосеева – сайысқа қатысушы, Ғ.Мүсірепов атындағы аудан:

– Мен үшін спорттың маңызы зор. Сондықтан, осындай сайыстарға жиі қатысып тұруға тырысамын. Жүлделерім де аз емес. Көбіне мен шаңғы тепкенді ұнатамын. Жалпы болашақта өз өмірімді осы саламен байланыстырғым келеді.

Байқауға балалар бүгін аттанады. Дәл қазір олар соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.

Республикалық сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 300-ге жуық оқушы қатысады. Командалардың жалпы саны – 16. Құрамалар Бурабай шипажайы аймағындағы”Балдәурен” лагерінде жиналып, өзара сайысқа түспек.

Ирина Колодаева – Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:

– Ғ. Мүсірепов ауданының құрамасы өткен жылы облыстық “Алау” ойындарында жеңіске жетті. Енді бүгін 14 бала республикалық сайысқа аттанады. Бұл байқауға 7, 8 және 9-шы сыныптағы оқушылар ғана қатыса алады. Балалар саптық байқау, атыс дайындығы, саппен ән орындаудан бақтарын сынайды.

Соңғы дайындықтан кейін балғындар соғыс жауынгерлерінің рухына тағзым етіп, Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Молдир Макишева