Әр түрлі

Петропавл гидроторабындағы су деңгейі көтеріліп жатыр

Петропавл гидроторабындағы тіршілік көзі наурыздың 27-сінен босатылып жатыр. Жақын күндері Есіл өзенінің тасуы шарықтау шегіне жетеді деп болжануда. Бірақ, қазірдің өзінде Петропавлға жапсарлас орналасқан 1 200-ден астам саяжай учаскесін су алған. Жерге тұқым сіңіретін уақыт таяп қалды. Сондықтан, қала тұрғындары бау-бақшаларын сырттан қарап кетіп жүр. Мәселен, Виктор Гущинның саяжай учаскесі Заречный кентінде орналасқан екен.

Виктор Гущин – қала тұрғыны:


– Былтырғыға қарағанда биыл саяжайыма келген су онша көп емес. Тіршілік көзі 2 аптадан кейін тартылып, маусымдық жұмыстарды уақытылы бастаймын деген үміттемін.

Петропавл гидроторабына жиналып жатқан судың көлемі күн санап артып келеді. Бір тәулікте су шашамен 3 сантиметрге көтеріледі. Осылайша, бүгінде қойманың ернеуінен асқан судың биіктігі 94 сантиметрге жеткен. Тіршілік көзінің маңайға жайылуынан Челябі-Новосібір” бағытындағы жолдың бір бөлігінде барлық көлік түрлеріне шектей қойылды. Новоникольское селосына барар жолдағы көпірден өту де әзірге мүмкін емес. Қазір жүргізушілер айналма жолмен қатынап жүр.

Евгений Журавлев – СҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы:

– Қызылжар ауданына қарасты елді мекендерге Есіл өзенінен төнетін қауіп сейілді. Ол жақтағы тіршілік көзінің деңгейі төмендеді. Енді барлық назар Петропавлға ауды. Осы орайда, тұрғындарға саяжайларына уақытша бармауға кеңес береміз.

Дегенмен, құтқарушылардың кеңесіне құлақ асып жатқандар шамалы. Өткен жылдары саяжайларына үрлемелі қайықпен бармақ болған бағбандар суға батып кете жаздапты. Әсіресе, балықшыларды көндіру қиын. 2012 жылы Петропавл торабында су жәндіктерін аулаған 2 қайықшының бірі батып кеткен.

Берік Қасен