МТРА жаңалықтары

Азаматтарды қабылдау өтті

Тұрғындардың сауалдарына 6 мемлекеттік мекеменің қызметкерлері жауап беруде. Қойылған сұрақтар негізінен әлеуметтік салаға қатысты болды. Татьяна Ратушная – 3-топтағы мүгедек. Алатын жәрдемақысы күнкөрісіне жетпейді. Сол себепті, жұмыс істегісі келеді. Бірақ, екі қолға бір күрек таппай жүр. Есесіне оның қызы да екі баласын тастап кетіп қалған. Енді соларды қамқорлыққа алуға көмек көрсетсеңіздер дейді нәзікжанды.

Асхат Құсайынов – Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:


–  Алғашқы сауалыңыз бойынша біздің мекемеге келіңіз. Сізді тіркеп, лайықты бос орын табылса хабарласатын боламыз. Ал, немерелеріңізді қамқорлыққа алу бойынша білім басқармасына жүгіну керек. Сіз әжесі болғандықтан қиындықтар туындамайды деп ойлаймын.

Ал, балалар үйінде тәрбиеленген Наталья Касыбаеваның барар жер, басар тауы жоқ. 3 баласымен жалғыз қалған ол пәтер жағалап жүр. Жұмысы бар, бірақ алатын жалақысы баспана жалдап тұруға ғана жетеді екен.

Наталья Касыбаева:


–  Мен 2016 жылдан бері баспана кезегінде тұрмын. Қазір 1472-ші екенмін. 3 балам бар. Оларға не алимент, не жәрдемақы төленбейді. Жуырда ғана тұрақты жұмыс таптым. Жалақым – 50 мың теңге. Ол пәтер жалдауға ғана жетеді. Үйге кезегім биыл келмесе тым болмаса уақытша баспана берілсе екен деймін.


Нұржан Темірбеков – Петропавл қалалық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:


–  Әкімдіке келіп, қала әкімі орынбасарының қабылдауына жазылыңыз. Сол кісіге барлық жағдайды түсіндіңіз. Сізге уақытша баспана берілуі мүмкін. Ал, пәтерлер кезек бойынша үлестіріледі. Ретін бұзуға құқығымыз жоқ. Сол себепті, тек күту қажет.

Келесі болып Дмитрий Яковенконың өтініш қаралды. Мүмкіндігі шектеулі жанға мүгедектерге арналған арба керек.

Гүлмира Мәулетбаева – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

 


–  Биыл біздер 400 арба алдық. Бірақ, сізден өтініш кеш түскендіктен бұл тізімге еніп отырған жоқсыз. Дегенмен, алдағы уақытта үнемделген қаражат болса, тағы тапсырыс жасаймыз. Сол кезде сізге де құралдар берілетін болады.

Жиында тағы тегін дәрі-дәрмекпен қамту, материалдық көмек алу жөнінде де сауалдар жолданды. Жалпы айта кету керек, бұл – «Кедергісіз келешек» жобасы аясында үстіміздегі жылы ұйымдастырылған осымен 2-ші қабылдау. Бұған дейін өткен кездесуде 15 адам келіп, мемлекеттік орган өкілдеріне өз бұйымтайларын жеткізген.

Магжан Ахмадина