Аптадағы маңызды жаңалықтар

1 мың петропавлдық жұмыс беруші медициналық қорға қарыз

Үстіміздегі жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға өзгерістер енген болатын. Сөйтіп, жеке кәсіпкерлер қарамағындағы еңбеккерлері үшін медициналық сақтандыру қорына ай сайын аударымдар жасауға міндеттелді. Алайда, ол ережеге бағынбай отырғандар баршылық.

Наталья Ельмурадова – Петропавл қаласы бойынша мемлекетік кірістер басқармасы бөлімнің басшысы:

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға сәйкес, жұмыс беруші еңбеккер жалақысының 1,5 пайызы көлемінде қорға ай сайын аударымдар жасап тұруы тиіс. Бүгінде бұл талапты Петропавл қаласы бойынша мыңға жуық кәсіпкер орындамаған. Осылайша, олар медициналық сақтандыру қорына жалпы сомасы 3 млн теңге қарыз.

Еңбеккерлер үшін медициналық сақтандыру қорындағы шотқа аударымдар жасалмаса, олар болашақта тегін дәрігерлік көмектен қағылмақ. Сондықтан, жұмыс берушіні заң тұрғысында жауапкершілікке тарту қарастырылған.

Наталья Ельмурадова – Петропавл қаласы бойынша мемлекетік кірістер басқармасы бөлімнің басшысы:

– Медициналық сақтандыру қорына жарна төлемеу әкімшілік құқықбұзушылық болып есептеледі. Бірінші рет ереже бұзған салық төлеушіге ескерту беріледі. Банк шоттары мен қаржы операцияларын жасауға уақытша шектеу қойылады. Медициналық қорда қарызыңыздың бар-жоқтығын салық төлеуші жеке кабинетінен білуге болады. Немесе барлық мәлімет тұрғылықты жері бойынша қарызды өндіріп алу жөніндегі инспекторларда бар.

Сәуірдің бірінен бастап аталаған фактілер бойынша 50 салық төлеушіге қатысты әкімшілік іс қозғалыпты. 226 жұмыс беруші ескерту алған.

Берік Қасен