Қоғам

Жастар сарайының алдында “Жасыл ел” аллеясы пайда болды

Бастарында жасыл кепка, қолдарында күрек пен су толы шелек. Ассамблея мүшелері белсенді жастармен бірге алма және шие көшеттерін отырғызып жатыр. Жастар сарайының алдынан орын тепкен жас талдардың саны – 20.

Гүлбахша Мұсабаева – “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығы” ҚБ төрайымы:

– Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні. Біз салып жатқан ағаштың тамыры мықты болсын, жерге жақсы сіңсін.

Достық, мәңгілік, қуаныш. Әр көшеттің өз атауы бар. Олар мынадай жасыл таспаларға жазылып, талдарға байланды. Кезекті, 14-ші еңбек маусымының ашылуын жас табиғат жанашырлары Қазақстан халқының бірлігі күнімен ұштастыруды жөн көрген. Енді, жаз басталысымен теріскейлік жасылелдіктер облыс аумағын абаттандыруға шығады.

Анара Кусанова – М.Жұмабаев аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:


– Аудан бойынша 115 адамды үш айға еңбекпен қамтимыз. Олар аудандағы орман шаруашылықтарында, Булаев тәлімбағында жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, ауылдық округтерде де осындай аллеялардың бірнешеуін құрмақпыз. “Жасыл ел”-дің қатарында жұмыс істеймін деушілердің саны жыл санап артып келеді. Бұл қуантарлық жайт.

Айта кетейік, “Жасыл ел” еңбек жасағына осы жазда 665 солтүстікқазақстандық қабылданады деп жоспарлануда. Олардың орташа жалақысы биыл шамамен 65 мың теңгені құрайтын болады.

 

Саят Ермек