Теріскейде қарқынды түрде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде

МТРА жаңалықтары

13:19 1 Мамыр 2018

Қарағай және шырша ағаштары қазір Мир көшесі бойына егілуде. Олардың биіктігі 2-ден 4 метрге жетеді. Бұл жасыл желектер Жуков көшесіне дейін отырғызылмақ.


Асхат Рамазанов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі жолдары және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Аталған жұмыстар қала әкімінің тапсырмасымен іске асуда. Мир, Уәлиханов көшелері мен “Солтүстік жұлдызы” саябағына 100-ден астам қарағай және шырша ағашы отырғызылып жатыр. Ал, бұталы қоршаулар Мир және Парковая көшелері бойында орын тебеді.

Мына жерде де жұмыс қызу жүруде. Жуков көшесі, 23 мекен жайы бойынша орналасқан үйдің тұрғындары жылда сенбілік ұйымдастырып, айналаны жинауды әдетке айналдырған. Биыл да олар өздерінің ұйымшылдығы мен татулығын көрсетіп, таңмен таласа ағаш егіп жатыр. Бұл қайыңдар ертең-ақ ұшар басы үкідей шоқтанып, биік бойлап өседі.

Василий Ротарь – “Строитель” ПИК қауымдастығының төрағасы:

– Биыл 21 қайың ағашын отырғызуды жоспарлаған едік. Бүгін, міне, қолайлы күн туып, 40 адам бір кісідей жұмылып осы істі тындыру үшін аулаға шықты. Ағаштың бұл түрі көктемде ерте бүршік жарып, кеш жапырақ түсіретіндігімен ерекшеленеді.

Қолдарына күрек алып жұмысқа кірісіп кеткендердің бірі – Жансерік Маженов. Бұл үйге азамат 1 ай бұрын ғана көшіп келген екен. Соған қарамастан ол аула жұмыстарына белсенді ат салысуда.

Жансерік Маженов – қала тұрғыны:

– Бүгін, міне, біздің үйдің ауласында сенбілік өтіп жатыр. Ағаштарды отырғызып жатырмыз. Осындай тазалық шаралары жиі өткізіліп тұрса деймін.

Ал, мына шыршалар шаһарға кіре берісте, яғни, “Солтүстік жұлдызы” саябағына қарама-қарсы жерде отырғызылып жатыр. Бұл шаруаны тындыру үшін 23 қызметкер жұмылдырылған. Ағаштар егілгеннен кейін оны күтіп-баптау ісіне де ерекше назар аударылуы тиіс. Яғни, шыршалар әбден тамыр жайып кеткенше, бұтақтарын күзеп, зиянкестерге қарсы дәрілер бүркіп отыру қажет.

Александр Суковых – “Коммунхоз” ЖШС көгалдандыру жұмыстары жөніндегі шебері:

– Бүгін 32 түп шырша ағашын отырғызамыз. Ол үшін алдын ала шұңқырлар қазып алдық. Ағаштар Мамлют ауданынан әкелінді. Олар тамыр жайып өсу үшін дұрыстап отырғызып, күтім жасау керек. Бірнеше сағаттан соң жоспарланған жұмысты аяқтаймыз.

Енді саясы мол, көрікті жасыл желектер шаһар шырайын аша түседі. Жоспар бойынша қала көшелеріне 3 мыңнан астам шырша, қарағай, қайың және алма ағаштары отырғызылуы тиіс. Бұл шаруа мамырдың 25-іне дейін жалғасын таппақ. Оған 20 техника мен 200-ге жуық адам жұмылдырылады.

Молдир Макишева

Бұдан әрі оқыңыз

«Апталық шолу» бағдарламасы 27.10.19
Мамлют ауданының өнерпаздары қорытынды концерт ұйымдастырды
Петропавл халықаралық әуежайында “Ашық аспан” режимі енгізілді
СҚО-да “Цифрландыру күндері” аяқталды
Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті
Алдағы екі күнге арналған ауа райы мәліметі
Аймақ басшысы Қызылжар ауданында қоғамдық қабылдау өткізді
Облыс әкімі Мамлютка қаласында қоғамдық қабылдау өткізді
Шаһарда “Antikor ortalygy” ашылды
Өңірдің ЕЭО елдерімен алыс-беріс көлемі
Есіл ауданында браконьерлер құрықталды
Петропавлда су құбыры жарылды