Қоғам

Қызылжарлықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін дүркіретіп атап өтті

Қазіргі күні Қызылжар ауданында 45 мыңнан астам адам тату-тәтті ғұмыр кешуде. Жерлестеріміздің денін қазақтар, орыстар, немістер, украиндар мен татарлар және белорусьтер құрайды. Жұртшылық бүгін Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өту үшін Бескөлдің орталық алаңына жиылған. Мұндағы ағайынды мерекемен аудан әкімі Жанат Сәдуақасов құттықтап, ізгі тілектерін жолдады.
Жалпы, бүгінде Қызылжар ауданында 13 этномәдени орталық жұмыс істейді. Оның 3-еуі биыл ашылыпты. Салтанатты шара барысында осы бірлестік жетекшілерінің барлығына да қажырлы еңбектері үшін аудан әкімі алғыс хат табыстады. Кейін, мерекелік концерт басталды.

Ортада мың бұралған қыздар ұлттар биін орындады. Осы сәтте түрлі халық өкілдері өздерінің тағамдарын да көрермен назарына ұсынып жатты. Мәселен, мынау – Знаменское селосындағы “Ронаи” күрт этномәдени орталығының өкілдері жайған дастархан. Мұнда бауырсақ, палау мен қатар күрттердің грар деп аталатын асы да қойылыпты. Оны қышқыл сүттен, қымыздық, жалбыз бен бидайдан жасайды екен. Одан бөлек, жерлестеріміздің әзірлеген өнерлері де бар. Олар бүгінгі мерекенің жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қоспақ ниетте.

Рабика Надырова – “Ронаи” күрт этномәдени орталығының өкілі:

– Мереке жоғары деңгейде өтіп жатыр. Күліп-ойнап жатырмыз.

Көршілес шатырда “Калі Ласка” белорус этномәдени орталығының өкілдері орналасқан. Онда Архангелька селосынан келген 5 апалы-сіңлілі жандар қонақтарға өздері дайындаған ас-судан дәм ауыз тигізуде. Бұл жерлестеріміздің әке-шешесі бір кездері Қазақстанға қоныс аударыпты. Содан бастап олар теріскей жерінде басқа да ұлт өкілдерімен араласып-құраласып тату-тәтті өмір сүруде.

Тамара Ткаченко – “Калі Ласка” белорус этномәдени орталығының жетекшісі:

– Біздер үшін Қазақстан – Отанымыз. Осы жерде өмір сүріп жатырмыз. Салт-дәстүрімізді ұстанамыз. Басқа да ұлттармен өз туғанымыздай араласамыз. Мерекелерді бірге атап өтеміз. Бұдан артық не керек?! Бірлігі, ынтымағы жарасқан Қазақстан жасай берсін!

Тағы, мерекелік шара барысында қызылжарлықтар салт-дәстүр көрсетті. Әуелетіп ән де салып берді. Бүгінгі той-думан тұрғындардың көңілінен шықты.

–  Біз – достығы жарасқан елміз. Сол достығымыз бүгінгі жиында байқалып тұр. Тілдері, діндері басқа болғанымен халықтар бірге мерекені атап өтіп жатыр.

– Менің достарым көп. Олардың арасында қазақ та, орыс та бар. Біз біргей оқимыз, бірге ойнаймыз. Бүгінгі концерт маған ұнады.

Бұдан бөлек, этномәдени орталық жетекшілері Қазақстан халқының бірлігі күнінде Астананың 20 жылдық мерейтойына арнап 20 түп қарағай көшетін екті.

 

Байболат  Култанов