Қоғам

Қазақстан халқының бірлігі күні көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында тойланды

Егемен Қазақстан көшесіндегі 46-шы үйдің ауласында бірлік күні осымен 4-ші жыл қатарынан аталып өтілуде. Алайда, мұнда мерекелік дастархандарды тұрғындар емес, 17-ші ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің ұжымы жайған.
Бүгінде аталмыш білім ошағында 22 ұлттың өкілі оқиды. Үлкені, кішісі бар -әркім мейрамға өзінше дайындалыпты. Жанар Ахметжанова өз қолымен түрлі тағамдар жасап әкелген.

Жанар Ахметжанова – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің мұғалімі:

– Ет асып, бауырсақ пісіріп алып келдім. Аспанымыз ашық болсын. Бірлігіміз жараса берсін!

Бүгінде қазақ, орыс, татар тағы да басқа ұлттар ауызбіршілікте өмір сүреді. Олардан балалары да үлгі алуда.

Аббас Дурсунов – қала тұрғыны:


– Бұл мерекеде адамдар бір-біріне жақсы тілектер тілеп, бірін-бірі үйге қонаққа шақырады.

Бұл күні балалар ойынның қызығына батты. Олар үшін түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды.

Егемен Қазақстан көшесіндегі 45-ші, 46-шы үйлерде 300-ге жуық отбасы тұрады. Көбінің үйінде қариялары мен кішкентай балалары бар. Қалалықтар бірлік мейрамын әр аулада тойлауды игі дәстүрге айналдыру керек деген ортақ пікірлерін айтып жатты.

Виктория Бытьева – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Әр шаңыраққа береке, татулық тілеймін. Аспанымыз ашық болсын. Еліміз гүлдене берсін!

17-ші ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің ұстаздары мен оқушылары өнерден кенде емес. Түрлі этностардың әндерін қосыла шырқап, жиналған көпшілікті бір марқайтып тастады. Осы күні Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қаладағы 10 шақты аулада тойланды.

Берік Қасен