Қоғам

Өңірде Қазақстан халқының бірлігі күні кең ауқымда аталып өтті

Мағжан Ахмадина – тілші:


– Қазақстан Конституциясы көшесінің бойы бүгін бірлік пен татулықтың, этносаралық келісімнің үлкен бір ордасына айналғандай. Түрлі ұлттардың киімін киіп, әнін шырқап, дәстүрін паш етіп жүрген солтүстікқазақстандықтар 1 Мамыр мерекесін ерекше көтеріңкі көңіл-күймен тойлауда. Оларға, тіпті, күннің суықтығы да кедергі емес.

Бірлік күнін тойлау шаралары орталық алаңнан бастау алды. Мұнда 16 ұлт өкілі мен түрлі ұйым қызметкерлері жиылып, мерекелік шеруге қатысты. Олар ұлт пен ұлысқа бөлінбей, бір шаңырақ астына бірігіп, бір-бірін осы жарқын мерекемен құттықтауда.

Нұрсұлтан Қалқабек – Облыстық қуыршақ театрының актері:

– Көңіл-күй, әрине, жақсы. 1 Мамыр – бәріміздің мерекеміз. Осындай мерекеміз тойлана берсін.

Шеруге Андрей Виртель де қатысуда. Ұлты – поляк. Ол елімізге өткен жылдың күзінде көшіп келіпті. Қазір «Коперник» поляк этномәдени бірлестігінде сабақ береді.

Андрей Виртель – «Коперник» поляк этномәдени бірлестігінің оқытушысы:

– Барша ел халқын мерекемен құттықтаймын. Мен мұндай шеруге, жалпы осы мейрамды тойлауға алғаш рет қатысып отырмын. Ұлттар достығын білдіретін шаралардың болғаны жақсы, әрине. Қазақстанға келгелі қаншама дос таптым. Олар маған жаңа ортаға тезірек сіңісіп кету үшін көп қолдау көрсетті.

Салтанатты шеру бағытынан жаңылмай, көше бойымен жүріп келеді. Жолшыбай шеруге қатысушылар қатары өзге этномәдени бірлестік өкілдерімен толығып отырды. Шараға оқушылар мен студенттер, жалпы саны – мыңнан астам адам ат салысты. Шеруге қатысушылар көше бойымен жүріп келе жатып бірнеше рет кідіріп, ән шырқап, би биледі.

Аздап аялдаған шеру қатысушылары ары қарай қаламыздың басты алаңын беттеп, жүріп кетті. Діттеген орынға келген олар бұл жердегі мерекелік шараға қосылып, жұртшылықпен бірге облыс әкімінің құттықтауын тыңдады.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп біздің халық бекер айтпайды. Өйткені, бірлік бар жерде барлығы болады. 26 жыл ішінде барша жетістіктер шыққан шыңдар осы бірліктің арқасында. Қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық – біздің ең басты байлығымыз. Осы жетістіктерді бағалап, оны әрі қарай дамыту әр қазақстандықтың абыройлы міндеті.

Бұдан кейін алаң төріне тігілген бас сахна алдына жиылғандар үшін мерекелік бағдарлама ұсынылды. Өңіріміздің мәдени ошақтары мен түрлі ұлт өкілдері жұртшылыққа өздерінің өнерін арнап, айналаны ән-думанға бөледі. Осылай елімізді мекендеген 130-дан астам ұлттардың мәдениеті бір сахна төрінде тоғысты.

Бұл күні бір атаның балаларындай болған қазақ, орыс, корей, украин және елімізде тұратын өзге де ұлт пен ұлыстар әуелете ән шырқап, қол ұстасып достықтың биін биледі. Тұрғындар бұл еліміздегі халықтар арасындағы мызғымас татулықтың көрінісі дейді.

–  Күнің суығына қарамай барлық халық демалып жатыр. Неше түрлі шаралар өтіп жатыр. Мен өзім жұмыс істейтін жерде бірнеше ұлт өкілі бар. Барлығымыз тату-тәтті жұмыс істейміз.

– Әр ұлттың адамдары бірлігіміз жарасып, осындай мейрамда жүріп жатырмыз. Елімізде тиыштық болсын, бірлік болсын.

– Барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын. Әрқашан бірлікте болайық. Өзімнің группамда өзбек қыздар бар. Олармен жақсы қарым-қатынаста боламыз. Достығымыз мәңгі.

Алаңда тігілген киіз үйлерде түрлі ұлттың өкілдері қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарын жайғастырыпты. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов оларға қонаққа барып, ұсынған тағамдарынан дәм татты. Ал, мына киіз үйде қазақтар өздеріне тән ерекше қонақжайлылықпен меймандарды қарсы алуда.

Гүлбахша Мұсабаева – “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығы” ҚБ төрайымы:

– Біздің қазақ ауылы тойды жақсылап тойлап жатыр. Киіз үйде қолөнер бұйымдары қойылған. Оң жақта – ұлттық тағамдарымыз. Сол жақта кесте тігілуде. Ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, алтыбақанымыз, ер адамның киімдері, жылқының жүгені, еріне дейін бар. Оны келгендерге көрсетіп жатырмыз.

Қазақтың киіз үйінде қолөнер бұйымдарын қалай жасау керектігі де көрсетілді. Бүгінде бұл іс қаладағы екі мектепте мықтап қолға алынған екен. Сол себепті, мұнда келген аймақ басшысы бұл өскелең ұрпаққа үлгі боларлық жайт екендігін атап өтті.

Осылайша Қазақстан халқының бірлігі күнінде басты алаңға жиналған жұртшылық татулықты барынша паш етуге тырысты. Меймандарға сан түрлі ұлттық тағамдар ұсынылып, салт-дәстүрлер көрсетілді. Балалар жағы да ойынның көркін қыздырды. Ал, сахнадан шырқалған меркелік ән айналаны әсем әуенге бөледі.

Мағжан Ахмадина