Мәдениет

Жаңа ұжымның тұсауы кесілді

Сахна шымылдығы қазақтың ұлттық биімен ашылды. Бұл туындыны “Мәңгілік” би ансамбль екі ай көлемінде дайындапты. Өнерпаздар күрделі хореографиялық тапсырмаларды жоғары кәсіби деңгейде орындап шықты.

“Мәңгілік” би ансамбілінің құрылғанына небәрі – 6 ай. Бүгін олардың алғашқы жеке концерті ұйымдастырылып отыр. Мың бұралған арулар мен сері жігіттерден жасақталған ансамбльдің репертуарында бүгінде 15-тен астам ұлттық би бар.

Жаңа ұжымда 12 қыз бен 15 жігіт өнер көрсетеді. Солардың бірі Азамат Дуйшанбе. Жасөспірім бұған дейін дзюдомен айналысқан екен. Бірақ, би хореографиясы жан дүниесіне жақын болғандықтан, бұл өнерге көбірек ден қойып жүр.

Азамат Дуйшанбе – “Мәңгілік” би ансамбілінің бишісі:

– Маған билеген қатты ұнайды. Біз осымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта неше түрлі кезеңдер, үлкен концерттер береміз. Болашақта Қазақстанның атынан әлем фестивальдеріне қатысамыз деген ойдамын.

“Мәңгілік” би ансамбілінің көркемдік жетекшісі Михаил Лахтин бұған дейін де “Туған жер”, “Арай” ұжымдарын дайындаған. Балетмейстерлік қызметіне 35 жылын арнаған майталманның, бұл жаңа ансабльдің болашағы жарық екеніне еш күмәні жоқ.

Михаил Лахтин – “Мәңгілік” би ансамбілінің көркемдік жетекшісі:

–  “Мәңгілік” би ансамблінің тұсауы 2017 жылдың қараша айында кесілді. Содан бері үлкен дайындық жүргіздік. Өнер сүйер қауымның көңілінен шықтық деген ойдамын.

Бұл кеште Михаил мен Ольга Лахтиндардың мектеп-студиясының орта буындағы ұжымы да өз өнерлерін ортаға салды.

– Бүгінгі концерт тамаша өтті. Көңілімізден шықты. Бәріміз риза боп қалдық!

– Болашағы бар ұжым. Барлық билері, костюмдері керемет.

Дана  Ешкенова