Без категории

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп барады

Баршамызға бейбіт өмір сыйлаған жауынгерлеріміздің бірі – Иван Хвостей 1926-шы жылы бұрынғы Преснов, қазіргі Жамбыл ауданы Благовещенка селосында қарапайым шаруалар жанұясында дүниеге келіпті. Сұм соғысқа дейін сол кездегі жасөспірім өзі тұратын колхозда еңбек етіп, ата-анасына қолғабыс еткен. Ал 1943-ші жылдың қазанында оны әскери комисариат шақырып, жерлесіміз 17 жасында әскер қатарына алыныпты.

Иван Хвостей – ҰОС адагері, Мамлют ауданы:


– Мен борышымды өтеген 33-ші жаяу әскер дивизиясы кескілескен ұрыстың бел ортасына тап болды. Онда дивизия қолбасшылығы мені бірден бөлімше командирі етіп тағайындады. Біздің рота жауынгерлері Батыс Беларуссия, Польша елдерін жаудан азат етуге ат салысты. Қанды шайқаста мен 2 мәрте жараланып, ажалдан аман қалдым. Борышымды 1951-ші жылға дейін әскер қатарында өтеп, туған өлкеме оралдым.

Соғыстан соң қария Мамлютка қаласына қоныс аударып, аудандық пошта байланысы саласында еңбек етіпті. Ал 86-шы жылы құрметті зейнет демалысына шығып, кейінгі ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған. Қазіргі таңда Иван Хвостейдің жарымен бірге тәрбилеп-өсірген ұл-қыздары Ресейде тұрып жатыр.

Ал бұл соғыс ардагері Александр Иванов – Мамлют ауданы Афонькино селосының тумасы. 91 жасқа жетсе де, баян аспабын тастаған емес. Зұлмат жылдарды басынан өткерген оның жастық шағы қазіргі өскелең ұрпақтікіндей алаңсыз өтпегені анық. 17 жасында ол әскер қатарына алынып, “жерімді қорғаймын” деген ұранмен қару ұстап, қанды шайқастың бел ортасына түскен.

Александр Иванов – ҰОС адагері, Мамлют ауданы, Афонькино селосы:


– Біздің 45-ші танкіге қарсы артилерриялық дивизия Башқұртсан еліндегі Алкино станциясының маңында шоғырланды. Онда қатарға жаңадан алынған сарбаздарға бірнеше ай бойы қару-жарақты қолдану тәсілдері мен ұрысқа түсу тактикаларын үйретті. Бұдан соң қабырғасы қатайып, алғашқы әскери даярлықтан өткен полк жауынгерлерін қиыр шығысқа аттандырды. Майдан даласына эшелонмен жеткізкен біз, ертесіне жаумен ұрысқа түстік.

Отан үшін шайқасқан жерлесіміз, сұм соғыста талай майдандас жора-жолдастарымнан айырылып қалдым деп күйінеді. Бірақ өмір жалғасып жатты. 26 жасында елге оралған сарбаз туған жеріндегі кәсіпорындардың біріне жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмысқа тұрған. Қазір де 90-ды алқымдаған ардагеріміз үйінде құр отырғанды жаны сүймейді. Бүгінде бір өзі ескірген моншасын жаңартып қалыпқа келтіруде. Жалпы ресми дереккөзге сүйенсек, 1941-45-ші жылдары кескілескен қан майдан даласына Мамлют ауданынан 6794 ер азамат аттанса, соның тек 2 мыңнан астамы ғана еліне аман-есен оралған.

Төлеген Омаров – Мамлют аудандық адагерлер кеңесінің төрағасы:


– Келе жатқан Жеңіс күніне дайындық жасап жатырмыз. Ардагер кеңесінің төрағасы болғандықтан, әкімшілікпен бірге дайындық жасалынуда. Сол міне мемориалдық кешен дейміз, 10 жыл өтті. Осы тұрғындар бәрі қатысты. Енді 73 жыл өтті. Ешқашанда ондай соғыс болмасын!

Жылдар жылжып өтіп жатыр. Бейбіт өмір сыйлап, елім-жерім деп жанын аямай ұрысқа түскен майдангерлеріміздің қатары сиреп барады. Бүгінде Мамлют ауданында сол қанды соғыстан жеңіспен оралған тек 3 соғыс ардагерінің көзі тірі.

 

Бахыт Садвокасов