Білім

СҚМУ зертханалық жабдық алмақшы

Елбасының тапсырмасына сәйкес, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ алдағы уақытта ІТ мамандарын даярлауға екпін бермек. Тиісінше, оған қажетті гранттар саны да артпақшы. Алдағы уақытта жоғары оқу орнының “Ақпараттық технологиялар” кафедрасы компьютерлер паркін жаңартып, заманауи зертханалық жабдық сатып алмақшы екен.

Ильдар Қурмашев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ақпараттық технологиялар факультетінің деканы:


– Биыл университетке “Жасанды интеллект” деп аталатын зертханалық жабдық сатып алынады. Онда информатик мамандар және биологтар зертханалық және ғылыми жұмыстарын жүргізе алады. Адам миын сканерлеп, қызметін байқайды. Кейін білімдерін роботтарды құрастырғанда пайдалана алады.

Сондай-ақ, брифинг барысында “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде сөз қозғалды. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы 18 кітап осы айда жергілікті университет оқытушыларының қолына тимек. Дені – әлеуметтік-гуманитарлық бағытта.

Майра Уәлиева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих, экономика және құқық факультетінің деканы:

– Сондай-ақ, шетел тілінен саясат және экономика тақырыбындағы кітаптар да қазақ тіліне аударылған. Еңбектерде қазіргі қаржылық қиындықтардан ұтымды жолмен шығу амалдары мен менеджмент туралы жақсы ойлар айтылған.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының оқытушыларға да берері мол. Педагогтар бұрынғыдай күрделі терминдерді аударып қиындық көрмейтін болады дейді спикерлер.

Берік Қасен