Балалар

Петропавлда жас экологтардың байқауы өтті

Биылғы сайысқа өңіріміздегі 12 білім ұясынан 90 оқушы қатысамын деп тілек білдірген. Жас табиғат жанашылары 7 бірдей аталымда зерттеу жұмыстарын қорғамақ. Дәл қазір экодизайнерлер байқауы өтіп жатыр. С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 8-ші сынып оқушылары, тақырыпқа сәйкес қазақ халқының тұрмысынан сыр шертер макет құрастыруда. Бұл жерден көшпенді халықтың киіз үйі, жайылымда жүрген төрт-түлік пен алтыбақан теуіп жатқан жасты көруге болады.

Гүлжанат Амантай – С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының оқушысы:

– Жобамызда қазақтардың бұрынғы кезде өмір сүрген тұрмысынан мәлімет беретін бұйымдар қойылған. Осы арқылы біз ескі дәстүрді жаңғыртқымыз келді.

Табиғат тақырыбындағы шеберліктерін бұл аталымда 6 құрама көрсетті. Ал келесі кабинетте мектеп оқушылары “Туған жерді зерттейміз” номинациясында өәзірлеген жұмыстарын қорғауда. №1 Смирнов орта мектебінің шәкірті Бахытжан Сүйіндіков, Аққайың ауданының латын қарпіндегі картасын әзірлеп әкелген. Жобаның артықшылығы – ауданның латыншаға көшірілген барлық елді-мекендері мен қасиетті жерлерін ұялы телефонның көмегімен көруге болады.

Бахытжан Сүйіндіков – №1 Смирнов орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:

– Электронды картаның көмегімен тұрғындар өздеріне керекті мәліметпен таныса алады. Бағдарламаны дайындауға 1 жарым айдай уақыт жұмсадым. Жарыста топ жарып, бірінші орын аламын деген сенімдемін.

Форумда табиғат жанашырлары өзге номинацияларда да жобаларын қазылар алқасына таныстырып, қорғап шықты. Жалпы облыстық іріктеу турына 14 пен 16 жас аралығындағы 7-8,10 сыныптың мектеп оқушылары бақтарын сынауда.

Зәмзәгүл Тұрлыбаева – Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:


– Шарада оқушылар экология бағыты бойынша білімдерін сынай отырып, 7 бағытта жобаларын қорғайды.

Бүгінгі сайыста әр аталымда топ жарған жеткіншектер өңір намысын республикалық кезеңде қорғамақ.

 

Бахыт Садвокасов